Ә. Бөкейхан атындағы сыйлық жарияланды

Dalanews 14 нау. 2016 06:19 1022

Биыл – Алашорданың негізін қалаушы, шын мәніндегі Мемлекет және Қоғам қайраткері, ұлтын бар болмысымен сүйген, азаттық жолында аянбай күрескен, тоталитарлық жүйенің қысымы мен қыспағына, азаптауы мен қуғындауына қарамастан соңғы демі үзілгенше Алаш үшін еңбек еткен Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы.

«Бір тұтас Алаш идеясын» ұсынып, ұлтын рухани кемелденуге, мәдени түлеуге, ғылым-біліммен сусындауға үндеген, сол жолда Алаш алдындағы Азаматтық парызын артығымен орындаған бірегей тұлғаның әр жылдары әртүрлі бүркеншік атпен жазған саяси-философиялық, мәдени-ағартушылық мақалалары, үндеулері, ғылыми-танымдық еңбектері ұшан-теңіз.

Сол еңбектеріне үңілсеңіз, қараша халықтың мұң-мұқтажы мен арман-тілегін арқалап, Елдік пен Теңдікке қалай жетеміз деп, бұрынғы бабаларынша «түн ұйықтамай, күн отырмай» еңбек еткенін, тер төккенін көреміз. Әлекең ой талқысына салған, терең толғаныспен жазған ХХ ғасыр басындағы күрмеулі мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ.

«Қала мен Дала» газеті ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы мен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлық» тағайындап отыр.

Сыйлықтың негізгі мақсаты: Тәуелсіздікті ту еткен елдің бүгіні мен болашағы туралы саяси-әлеуметтік және философиялық талдау жасауға зиялы қауым, ғылыми орта мен журналистер тобын жұмылдыру; сол арқылы Ел мен Жер, Ұлт пен Ұждан, Тіл мен Діл тақырыбындағы өткір де өзекті мақалаларды оқырманға ұсынып, қоғамдық талқыға салу; «Кеше кім болдық? Бүгін кімбіз? Ертең кім боламыз?!» деген ешқашан маңызын жоймайтын сұрақтарға жауап іздеп, «Алаш көсемі армандаған ел болу үшін не істей аламыз?» деген ой төңірегіндегі толғаныстарды топтастырып, ұлттық идеология мен мемлекеттік мүдденің ортақ ұстанымы не болмақтығын айқындауға ат салысу!

Қатысу шарты: сыйлыққа ғылыми-танымдық негізі мығым, әсіресе, жаңаша ой сараптаған, саяси-философиялық тұжырымы басым публицистикалық мақалалар ұсынылады. Байқауға қатысушы өзінің бүгінгі Қазақстанның дамуы мен алға басуы үшін аса өзекті деп таныған тақырыбында компьютерде 7-9 бет көлемінен аспайтын мақаласын (желілес тақырыпта жазар болса, мақала санына шектеу қойылмайды) ұсына алады.

Мақала «Қала мен Дала» газетінде және www.dalanews.kz сайтында жарияланатын болады.

Сыйлыққа Қазақтың Жаңа жылы әз Наурыз мерекесінен бастап (22 наурыз 2016 ж.)  үстіміздегі жылдың 10 тамызына (10 тамыз, 2016 ж.) дейін мақалалар қабылданады.  (dalanews@mail.ru поштасына жіберілуі керек)

Жүлдегерді анықтау: жүлдеге ұсынылған мақалалар арнайы комиссияның шешімімен анықталады.  Мақаланың сайтқа жарияланған соң көп қаралып, талқылануы да ескеріледі.

Жүлде қоры: Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлыққа қомақты қаржылай сыйлық тағайындалып отырғанын ескертеміз. Бұл сыйлықтың қадірін арттыру үшін әрі дәстүрлі сыйлыққа айналдыру үшін тек бір адамға (1 жүлде) ғана беріледі. Сондай-ақ, Ә. Бөкейхан медалімен және арнайы дипломмен марапатталады.

Сыйлықты тапсыру: Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлықтың қорытыныдысы үстіміздегі жылдың 30 тамызы – Ата заң күніне орай белгілі болады. Марапаттау рәсімінде Алаштанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, сыйлық иесін құттықтайды.

Хабарласу телефоны: 87770218991, 87013002096, 87078261401

Электронды пошта: dalanews@mail.ru

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар