80 шақырымнан тасылған балалар: депутат Қызылордадағы жағдайды атады

Самал Асқар 28 қаң. 2026 15:06

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қызылорда облысындағы мектеп мәселесіне нақты мысал келтірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, өңірде екі «Келешек мектебі» мен мемлекеттік мектептердің қасында жеке меншік мектеп ашылып, балаларды 80-100 шақырым жерден автобуспен тасуға мәжбүр еткен жағдай бар.

«Екі келешек мектебін ашты. Басқа да мемлекеттік мектеп бар. Бірақ сол пысықтар келеді де Астанаға, қаржы орталығына келіп «мен мектеп ашайын деп едім» деп рұқсат алады, ақша алады. Мемлекет те ақшасын салады оған. Сөйтіп, ертең ол мектеп жекенің меншігіне айналады», – деді депутат.

Оның айтуынша, мемлекет жаңа мектептерді өзі салып жатқанда, дәл сол маңнан жеке мектеп ашудың экономикалық та, әлеуметтік те негізі жоқ. Нәтижесінде оқушы жетіспейді, ал жеке мектептер бала жинау үшін шалғай ауылдардан балаларды тасымалдайды.

«Сонда 80 шақырым жерден балаларды автобусқа салып алып келеді. Күнде жол жүреді. Бұл – қауіпсіздік мәселесі. Жолдан шаршайды, апат қаупі бар. Бұл балалардың денсаулығына да, қауіпсіздігіне де зиян», – деді Мұрат Әбенов.

Депутаттың пікірінше, мұндай тәжірибені тоқтату қажет.

«Мемлекет өзі салу керек мектепті. Президенттің талабымен келешек мектебі салынады, ал қасынан мемлекеттік ақшаға жеке мектеп ашылады. Бұл дұрыс емес. Бақылаудың әлсіздігін пайдаланып, заңсыз тірлік жасалған», – деді ол.

Оның айтуынша, жеке мектептердің бәрі бірдей проблема көзі емес. Алайда мемлекеттік инфрақұрылым бар жерде жеке жобаларды дәл сол нүктеге орналастыру – жүйесіздікке әкеледі.

Мұрат Әбенов бұл мәселелерді шешу үшін заңнамалық және әкімшілік тетіктерді қайта қарау қажеттігін атап өтті. Негізгі мақсат – балалардың қауіпсіздігі мен мемлекеттік қаржының әділ жұмсалуы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove