«Қазақтелеком» Астанада еліміздің барлық өңірінен елуден астам белсенді, әрі болашағынан зор үміт күттіретін жас мамандарың басын қосқан Jas Telecom 2.0 жыл сайынғы жастар форумын өткізді. Форум жастардың компания басшылығымен ашық әңгімелесетін, телеком саласының жаңа буын көшбасшыларын кәсіби тұрғыда дамытып, қалыптастыратын басты алаңға айналды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Форум Қазақстан Республикасының Президенті жариялаған жұмысшы кәсіптер жылында өтті, бұл техникалық және қолданбалы мамандықтарды дамытудың, адал еңбек мәртебесін арттырып, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құрудың өзектілігін көрсетеді.

Күні бойы қатысушылар панельдік сессия, мастер-класстар және тақырыптық пікірталастарға белсене қатысты, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жаңа бастамалар ұсынды және компанияны трансформациялаудың негізгі бағыттары жөнінде кері байланыс алды. Форумда сондай-ақ «Jas Telecom» жастар қозғалысының жаңа басшысы сайланды, бұл басқару құрамын жаңартудағы маңызды қадам болды.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Бағдат Мусин қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде жас қызметкерлердің компания мен саланы дамытуда рөлі зор екенін атап өтті. «Біз технология жайын көп айтамыз, бірақ ең үлкен ресурс – адам екенін ұмытпаған жөн. Ал ең қуатты, күш-жігері тасыған ресурс – жастар. Сіздер сияқты жас мамандар компанияға ерекше идеялар, тосын көзқарас пен жаңа серпін әкеледі. Бүгін мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас мамандар – компанияның ғана емес, Қазақстанның да болашағына үлес қосуға сақадай сай дайын тұр. Телеком индустриясы өзгерістер тоғысында. Елдің цифрлық болашағы сіздердің қолдарыңызда», – деді ол.

Форум Компанияның корпоративтік ортаны дамытып, қызметкерлерге қолдау көрсету бағытындағы жүйелі жұмыстың кезекті кезеңі болды. Соңғы жылдары «Қазақтелеком» жастарға арналған бастамаларды, үздіксіз білім алу және еңбек жолында өсу тетіктерін қоса алғанда, қызметкерлерге арналған бағдарламаларды күшейтуде. Өткен айларда компания басшылығы өңір-өңірді аралап, ұжымдармен кездесті, ұсыныс-идеяларын жинап, қызметкерлердің сұраныстарын нақтылады. Жиналған ұсыныс-идеялар, кері байланыс бастаманы қолдап, ашық әлеуметтік «лифт» қалыптастыруға және кәсіби құзыреттілікті кеңейтуге бағытталған кадрлық саясаттың негізін қалады. Мұндай емен жарқын әңгіме тәжірибесі – қызметкерлердің нақты өзгерістерге түрткі болып, компанияның трансформациясына тікелей ықпал ете алатынын көрсетті.

Жастар бағытын дамытудың жаңа кезеңі де көшбасшылықты жаңартумен байланысты. Форум қорытындысы бойынша қозғалысты белсенді сату бөлімінің бас маманы Абылайхан Сермахан басқарды, ол еңбек өтілін 2014 жылы электромонтер болып бастаған және «Қазақтелеком» ішінде кәсіби өсу жолынан өткен. «Мен үшін мұндай маңызды қозғалысты басқару үлкен жауапкершілік. Jas Telecom қазірдің өзінде жастардың өсуі мен бірігуі үшін маңызды платформаға айналды. Бүгінде телекоммуникация саласының қарыштап өзгеріп жатқанын көріп отырмыз және компанияның жаңа цифрлық дәуірге қаншалықты нық сеніммен аяқ басатыны бізге байланысты», – деп атап өтті ол.
Jas Telecom 2.0 форумы жас мамандарды жұмылдырып, оларға жаңа мүмкіндіктер ашады, кәсіби тұрғыда даму үшін тұрақты ортаны қалыптастырады. Шара жастарды қолдау жөніндегі мемлекеттік және корпоративтік саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
