Кешеден бастап елдің қабырғасын қайыстырған 5 баланың қазасына байланысты өз атымнан қайғыға ортақтасып, ата-анасына, туған-туыстарына көңіл айтамын!
Расында, ет пен сүйектен жаралған адам баласының барлығының жүрегі езіліп, сүйегі сырқыраған оқиға.
Қазір, «бұған кінәлі кім?» деген мәселеден көрі, енді мұндай оқиға қайталанбайтындай әрекеттерге көшіп, нақты шешімдер қарастыруымыз керек деп есептеймін!
Ендігі, бұл оқиғадан сабақ алып, оны болдырмаудын жолын табамыз, таппасақ – өз дертімізге өзіміз тұншығамыз!
Сондықтан, біріншіден, менің нақты ұстанымым - 5 баланы дүниеге әкелген аналарға міндетті түрде баспана сөзсіз берілуі керек!
Бірақ тек мемлекеттің мойнына мәселені іліп қою да жөн емес, қоғам да осы іске бірдей атсалысуы керек. Сөзден іске көшейік! Нақты қадам жасау үшін енді қанша баланы құрбан етіп, қанша ананың көз жасы төгілуі керек?! Бұл ең алдымен жасалынатын шұғыл шара!
Екіншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктен осындай мұқтаж жандардың санын, олар туралы мәліметі бізге беруді сұраймын! Өз тарапымыздан тез арада қажетті жұмысты ұйымдастырайық, көмек беруге ниетті кәсіпкерлердің тізімін жасап, көмек беру жұмысына көшейік!
Осындай тығырыққа тірелген азаматтардың мәселесін біле отыра, «Менің атамекенім» жобасын қолға алған едік. Бұл платформа, осы аптаның аяғында, 8 ақпанда іске қосылады.
Бүгінде жақын арада шешімін күтіп отырған 17 895 әлеуметтік мәселе осы жүйеге тіркелді. Көмекке зәру азаматтарымыздың қажеттілігін бір жүйеге тіркеп, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіледі.
Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды бұл бастаманы қолдауға шақырамын.
Бұл көмек емес, ел алдындағы, қоғам алдындағы міндет деп түсінейік!