2021 жылғы жеңіс үшін сыйақы төленбеген: Гір спортынан әлем чемпионы сот арқылы әділдікке қол жеткізді

Ақтоты Жапатова 03 мау. 2025 16:16

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы ҚР Туризм және спорт министрлігінің спортшыға ақшалай көтермелеу төлеуден бас тартуын заңсыз деп тапты, – деп хабарлайды Dalanews.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, спортшы 2021 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алған. Кейіннен ол 2023 және 2024 жылдары Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсеткен.

2024 жылдың күзінде спортшы министрлікке заңға сәйкес сыйақы төлеуді сұрап өтініш берді. Соңғы екі чемпионаттың құжаттары еш қиындықсыз қабылданды. Бірақ 2021 жылы әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындар үшін төлем жасаудан бас тартылған. 

Министрлік бұл шешімді талап қоюдың мерзімі өтіп кеткенін алға тартқан. Ал спортшы өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот министрліктің уәжін негізсіз деп тауып, талап қоюды қанағаттандырған. Апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот алқасы Үкімет қаулысымен бекітілген ережелер халықаралық жарыстардың барлық жүлдегерлеріне сыйақы төлеуді міндеттейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда талап қою мерзімін қолдану заңсыз деп танылды.

Қазіргі таңда сот актілері заңды күшіне енген жоқ. Министрлік жоғары тұрған инстанцияға шағым түсіру құқығын пайдалана алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар