10,8 млрд теңгенің заң бұзушылығы: министрлік “Абай ұлттық мектебіндегі” жағдайды түсіндірді

10,8 млрд теңгенің заң бұзушылығы: министрлік “Абай ұлттық мектебіндегі” жағдайды түсіндірді

Оқу-ағарту министрлігі "Абай ұлттық мектебіне" қатысты жарияланған ақпаратқа жауап беріп, білім ордасындағы жағдай Орта білім комитетінің бақылауында екенін мәлімдеді. Ведомство мектептің басшысыз қалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, қазір директордың міндетін атқарушы тағайындалған және оқу процесінің үздіксіз жүруі қамтамасыз етілген. Ал мектептің бұрынғы басшылығы 2026 жылғы мамыр-маусым айларында жүргізілген ішкі мемлекеттік аудит аяқталғаннан кейін өз еркімен қызметінен кеткен.

Аудит 2023 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығын қамтыған. Тексеру нәтижесінде жалпы сомасы 10,8 млрд теңгеден асатын заңбұзушылық анықталған. Оның 10,4 млрд теңгесі қаржылық бұзушылықтарға қатысты.

"Атап айтқанда, 10,2 млн теңге бюджетке қайтарылуға, 10,4 млрд теңге қалпына келтірілуге тиіс. Сонымен бірге 370,6 млн теңге көлемінде рәсімдік бұзушылық анықталды", – делінген министрлік хабарламасында.

Аудит қорытындысы бойынша шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына төрт материал жолданған. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 айыппұл салуға қатысты құжаттар тиісті органдарға жіберілген. Министрлік нақты тұлғалардың кінәсі мен жауапкершілігін анықтау уәкілетті органдардың құзырында екенін атап өтті.

Ведомство мектепке тұрақты директордың әлі тағайындалмау себебін де түсіндірді. Министрліктің мәліметінше, бұл 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" жаңа заң талаптарына байланысты.

"Қазіргі уақытта тиісті қағидалар бекітілу рәсімінен өтуде. Олар күшіне енгенге дейін Министрліктің конкурс өткізуге немесе тұрақты директорды тікелей тағайындауға құқықтық негізі жоқ. Конкурстан тыс тағайындау заң талаптарын бұзады", - деп мәлімдеді ведомство.

Қағидалар күшіне енгеннен кейін мектеп директорының бос лауазымына ашық конкурс жарияланбақ.

Қазір Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті директорының орынбасары Елнар Сабыр және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Гүлшат Мұхтарханова мектепте жұмыс жүргізіп жатыр. Министрлік өкілдері білім ордасындағы оқу процесінің ұйымдастырылуын бақылауға алған.

"Ата-аналарды, педагогтерді, оқушыларды және мектеп түлектерін ресми ақпаратқа сүйенуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырамыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген хабарламада.