1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесінде қандай нормалар күшіне енді?

Көркем Алдабергенова 06 қаң. 2026 10:21

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында диагностикалау мен емдеуге жататын әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі кеңейтілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулар тізбесіне байланысты жаңа нормалар қолданысқа енгізілді.
 
Енді бекітілген тізімге кіретін әлеуметтік маңызы бар ауруға күдік туған жағдайда, қажетті диагностикалық тексерулер пациенттің сақтандырылған мәртебесіне қарамастан тағайындалады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек туберкулез немесе АИТВ-инфекциясына күдік болған кезде ғана қарастырылған еді. Ал онкологиялық аурулар немесе бауыр циррозы қаупі анықталса, тек сақтандырылған азаматтарға ғана тексеру жүргізілетін, себебі бұл қызметтер МӘМС пакетіне кіретін.
 
Енді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде диагностика мен емдеу келесі әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша қолжетімді болады:
  • түберкүлез;
  • АИТВ-инфекциясы;
  • қатерлі ісіктер;
  • созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
  • психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
  • орфандық (сирек кездесетін) аурулар;
  • жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
  • орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялайтын аурулары;
  • эпилепсия;
  • жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай ішінде);
  • инсульттер (бір жыл ішінде).
Әлеуметтік маңызы бар және кең таралған ауруларды ерте анықтау мақсатында скринингтік тексерулер, оның ішінде онкоскринингтер де, сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында жүргізіледі.
 
Сонымен қатар диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін бірқатар созылмалы ауруларды емдеу мен бақылау МӘМС пакетіне ауыстырылды. Бұл тізімге мыналар кіреді:
  • қант диабеті;
  • балалар церебралды сал ауруы;
  • дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы;
  • ревматизм;
  • артериялық гипертензия;
  • жүректің ишемиялық ауруы және өзге де жүрек аурулары (жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының бұзылыстары);
  • төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары;
  • бүйрек аурулары, оның ішінде гломерулярлы аурулар мен созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі;
  • ас қорыту жүйесі аурулары;
  • сүйек-бұлшықет жүйесі мен дәнекер тін аурулары.
Бұл аталған диагноздары бар азаматтарға амбулаториялық және стационарлық жағдайда барлық қажетті ем түрлерін, соның ішінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, қымбат препараттарды да алуына мүмкіндік береді.
 
Айта кетейік, 2025 жылдың шілде айында Президент МӘМС мәселелері мен медициналық қызметтер көрсетуге қатысты өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заңға қол қойған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар