Демографиялық саясатты сауатты жүргізу экономикалық өсімге негіз болады – сарапшы

Dalanews 24 нау. 2022 12:05 235

 Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Әлия Оразғалиеваның айтуынша 2025 жылға дейін Қазақстан халқының саны тағы 1 миллион адамға ұлғаяды деп хабарлайды Dalanews.kz.

90-шы жылдардың тұсында Кеңес Одағы ыдырап, өз алдымызға жеке отау құрған кезде, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал күрт нашарлап кеткен. Бұл өз кезегінде демографиялық жағдайға да әсер етіп, халық санының азаюына алып келген.

Сарапшының пікірінше соңғы жылдардың бедерінде халықтың табиғи өсімінде оң динамика байқалады.

«2025-ші  жылға дейін Қазақстан халқының саны тағы 1 миллионға адамға ұлғаяды», – дейді Әлия Оразғалиева.

Оның атап өткеніндей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің экономикасы үшін оңай болмаған. Тарихи отанына қоныс аударушылардың саны күрт артып, туу көрсеткішіне қарағанда өлім-жітім  көбейген. Әлеуметтік жағдайға байланысты азаттықтың алғашқы үш жылында ғана 1,3 миллионнан астам адам елден кеткен.



Ең жоғары көші-қон кезеңі 1994 жылы тіркелген – сол кезде Қазақстаннан жарты миллионнан астам адам көшіп кеткен.

«1990 жылдан 2002 жылға дейінгі аралықта халық саны 1,8 миллионға, яғни 16,6-дан 14,8 миллион адамға дейін азайды. 2002 жыл Қазақстан үшін «демографиялық кризистің» шырқау шыңы болды.

Билік кризистен шығудың амалдарын іздестерді. Бірқатар маңызды реформалар қолға алынды.

Экс-президент Назарбаев экономиканы дамытуда демографияның маңыздылығын түсіне отырып, 90-шы жылдардың соңына қарай жаңа демографиялық саясаттың маңызды бағытын айқындады.

  • Біріншіден, бала тууды ынталандырудың әлеуметтік-экономикалық тетіктері енгізілді;

  • Екіншіден, қазақ көшінің қабырғасы қаланып, қандастарды елге шақыру жүйесі іске қосылды;

  • Үшіншіден, тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру және өмір сапасын жақсарту бойынша елеулі жұмыс жүргізілді», – дейді сарапшы.


...

Демографиялық дағдарысты еңсерудің алғашқы нәтижелері 2003 жылға қарай сезіле бастаған.

Осы кезеңнен бастап бала туудың тұрақты өсуі байқалған.

Қабылданған стратегиялық шаралардың арқасында 2011 жылға қарай Қазақстан халқының саны 1990 жылдың деңгейіне, яғни 16,6 млн адамға жеткен.

Сөй деген Әлия Оразғалиева демографиялық ахуалдың жақсаруына тарихи отанына оралған қандастардың үлкен үлес қосқанын айтады.

«Тәуелсіздік жылдары 1,79 миллион этникалық қазақ атамекеніне қоныс аударды. Қазақстандағы халық санының тұрақты өсуі қазақстандық демографиялық модельдің табыстылығын көрсетеді.


90-шы жылдардың басында осындай демографиялық дағдарысқа тап болған көрші елдерге қарасаңыз, бұған көз жеткізе аласыз.

Айталық, Ресейде барлық қолдау шараларына, соның ішінде  "Ана капиталына" қарамастан, туу көрсеткіші төмен. Соңғы 30 жылда Ресейде халық санының өсу процесі тұралап, 2 миллион адамға азайып кетті» дейді сарапшы.

Оның атап өткеніндей демографиялық саясатты сауатты жүргізу тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың негізі.

«Халық өсімінің ағымдағы қарқыны сақталған жағдайда 2025 жылға қарай Қазақстанда халық саны кем дегенде 1 миллион адамға артады. Осылайша, алдағы жылдары депопуляция проблемасы біздің елге қауіп төндірмейді. Дегенмен, демографиялық өсудің ағымдағы көрсеткіштерін сақтау және көбейту елдің адами капиталын ұлғайтудың тиісті саясатымен нығайтылуы тиіс», – дейді Әлия Оразғалиева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x