Ұлықпан Сыдықов: "Сырттан келген қазақ әлі күнге сауда-саттықтың айналасында жүр"

Dalanews 29 қаң. 2018 09:23 337

Тәуелсіздік жылдары қазақ ғалымдарының қатары сырттан келген әріптестерімен толыға түскенін де ұмытпаумыз керек.

 – Сырт елдерде ғылым саласында еңбек етіп, елге келген соң ғылыми жұмыстарын жалғастырған қандастарымыз жайында айтып отырсыз ба Ұлықпан аға?

– Иә. Сырттан келген ғалымдарымыз қазақ ғылымының аяққа тұруына көп ықпал етті. Өз басым мұны үлкен тарихи кезең деп бағалаймын.

Айталық, тоқсаныншы жылдары тарихшы, қоғам қайраткері Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия Үкіметі төрағасының орынбасары сынды үлкен мансабын тастап, елге келіп, Тарих және этнология институында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуін үлкен ерлікке бағалауға болады. Бұл – үлкен азаматтық қой.
Сол сияқты белгілі этнограф Жағда Бабалықұлының мол мұрасы бізге қаншама күш-қуат берді десеңізші.

Осыдан біршама уақыт бұрын шәкіртім, танымал ақын Қасымхан Бегманов Жағда Бабалықұлының 100 жылдық мерейтойына орай мол мұрасын жинақтап, көптомдық кітап шығарды. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін бір кісідей білетін адам ретін айтсам, Жағда Бабалықұлындай кемеңгер этнографты көрген де, естіген де емеспін. Мұндай адамдар мың жылда бір-ақ рет туатыны анық. Бұдан басқа қазіргі таңда жаратылыстану саласында шеттен келген қазақ ғалымдары жемісті еңбек етіп жатыр.

Дүниежүзінде тарыдай шашылған қазақтар өзінің қажырлы еңбегімен өз ісінің білікті маманы екенін нақты іспен дәлелдеп берді. Елге келген қандастарымыздың арасында түрлі саланың мамандары бар.

Олардың арасында мемлекеттік қызметте зор табысқа жеткен азаматтар да болды. Бірақ соларды ел басқару ісіне тартып, әлеуетін пайдаланбай жүргенімізді түсінбеймін.

Ғылым мен әдебиет саласында еңбек еткен азаматтар ғана елге келген соң, өзінің төл кәсібін жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Ал қаржы, экономика, мемлекеттік басқару саласында мол тәжірибе жинаған қандастарымыз сауда-саттықтың айналасында әлі жүр. Біздер сырттағы қазақты елге көшіріп әкелгенде тек қана санымызды көбейтуді ғана ойламадық қой?!

– Ұлықпан аға, өте өзекті мәселені қозғап отырсыз. Расымен де, қазір оралмандарды жергілікті өмірге бейімдеу, олардың әлеуетін пайдалану ісі ақсап тұр.

– Оралмандарды жергілікті жердің жағдайына бейімдеу, олардың мүмкіншілігін мемлекетіміздің мүддесіне пайдалану еліміздегі негізгі саясаттың біріне айналуы тиіс.

Қазіргі таңда мәселенің байыбына бара алмайтын, жайдақ ойлайтын кейбір жастар әлеуметтік желіде «оралмандар ел басына күн туғанда сыртқа қашып кетті» деп елді екіге жарып, әңгіме айтатынын байқап қалдым.
 Егер елімізде оралмандарға қатысты қандай да бір айқын саясат болса, мұндай әңгіме айтылмас еді. Бүгінде біздер соның зардабын тартып отырмыз.

Қазір университетте сырттан келген көптеген жастарымыз білім алуда. Бәрі шетінен білімге құштар. Олардың бойынан ешқандай жаман әдетті байқаған емеспін.

Алмағайып заманда өзге елге кетуге мәжбүр болған қандастарымыз елге оралғалы бері тіліміз, мәдениетіміз қайта жаңғырды. Мұны көпшілігіміз қу тіршіліктің соңында жүріп байқамай келеміз. Болашақ ұрпақ келешекте  Назарбаевтың бұл бастамасына өз бағасын беретініне сенімдімін.

 

Танымал ғалым, әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының белді мүшесі


Ұлықпан Сыдықовтың


"Қала мен Дала" газетіне берген сұхбатынан үзінді. 


Сұхбаттың толық нұсқасын осы арадан – dalanews.kz оқи аласыз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x