Батыс елдері балаға қанша жәрдемақы төлейді?

Dalanews 25 қаң. 2019 05:34 261

 Атышулы министр Мәдина Әбілқасымова бізде «миллионер» аналардың бар екенін айтқан. 

«Көп балалы аналар Үкіметтен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады...» деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

«Бізден басқа бірде-бір елде мұндай үрдіс жоқ...» – деп тұздықтағаны тағы бар.

Шынымен солай ма өзі? Бізден өзге елдердің барлығы ана мен бала тағдырына бейжай қарайды дегенді білдіре ме, бұл?

Мәселен, Батыс елдерінде ана мен балаға төленетін жәрдемақының көлемі қанша? Шайлығына, жайлығына жетерлік пе? Бізбен салыстыруға бола ма, бұларды? 


Интернетті ақтарып, мынадай бір қызықты дерек таптық. Министр Әбілқасымова оқыса артық етпес еді мұны.

Ұлыбританияда


Бір балаға берілетін жәрдемақы аптасына 20,70 фунтты құрайды.

Бұдан кейін дүние есігін әр балаға әлгі ақшаның үстінен тағы 13,70 фунт қосады Үкімет. Бала 16-ға толғанша жәрдемақы алады, оқуын аяқтамаған жағдайда жәрдемақы төлене береді.

Ирландияда


Бала 16-ға толғанша (ал кейбір талаптарды сақтаған жағдайда 18-ге дейін) айына 140 евро жәрдемақы төленеді.
2 баласы барға – 280 еуро, 3 баласы барға – 420, 4 баласы барға – 560, 5 баласы барға – 700, 6 баласы барға – 840, 7 баласы барға – 980, ал 8 баласы барға 1120 еуро жәрдемақы береді екен Үкімет.

Австрияда


Жәрдемақы баланың жасына қарай өзгеріп отырады. Туғаннан үш жасқа дейін айына 111,80 еуро төлейді Үкімет.

Үш жастан он жасқа дейінгі аралықта – 119,60, он жастан он тоғызға дейін – 138,80, оқуын жалғастырған болса он тоғыздан жиырма төртке дейін 162 еуро жәрдемақы алады. Үйдегі бала саны біреуден көп болса, мұның үстінен үстемақы қосылады.

Швейцарияда


Бала 16-ға толғанша орта есеппен 200 франк (183 еуро) жәрдемақы алады бұл елде. Оқуын әрі қарай да жалғастырған болса 16-дан 25-ке толғанға дейін 250 франктан кем алмайды.

Германияда


Алғашқы екі баланың әрқайсысына ай сайын 190 еуродан төлейді Үкімет. Үшіншісіне – 196, төртіншісіне 221 еуро жәрдемақы беріледі. Бала 18-ге толғанша жәрдемақы алады. Белгілі бір талаптарға сай 25 жасқа дейін де жәрдемақы төленеді бұл елде.
Бұл ел – бақуатты ел. Ата-аналары балаға тиесілі ақшаға тимей, банкте сақтап, 18-ге толғанда қолына береді екен.

Швецияда


Ата-анасы бала 16-ға толғанша Үкімет ай сайын 109 еуро алып отырады.
Бұл ел де – бай. Әке-шешесі жылдар бойы жинаған жәрдемақыны шетін кертпеген күйі баласы кәмелетке толғанда қолына ұстататын көрінеді.

Норвегияда


Бала 18-ге толғанша Үкімет ай сайын 105 еуро жәрдемақы береді оған. Белгілі бір талаптарды сақтаған жағдайда жәрдемақы төлеу уақытын тағы 3 жылға создыруға болады.

Финляндия

Бала 17-ге толғанша ай сайын 94,88 еуро алады Үкіметтен. Кейінгі туған әр балаға төленетін жәрдемақының көлемі өскен үстіне өсе түседі. Бесінші балаға берілетін жәрдемақы – 172,69 еуроны құрайды бұл елде.

Бізде...



Сәби 1 жасқа толық толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты тағайындалатын ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдерге):

бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 13 853 теңге;

екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 16 379 теңге;

үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 18 880 теңге;

төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 21 405 теңге.

 

«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға 2018 жылы ай сайын 15 392 теңге жәрдемақы берілді, биыл бұл көрсеткіш – 16 160 теңгеге өсті.

Кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары бар отбасыларға берілетін жәрдемақы былтырғы жылы 4,16 АЕК немесе 10 005 теңгені құрады...

 

Әбілқасымова:


 «Бұл туралы толық ақпарат берілмеген»

«Көп балалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады. Бізден басқа бірде-бір елде мұндай үрдіс жоқ» деген Мәдина Әбілқасымова кейін былайша ақталды:

«Негізі, бұл туралы толыққанды ақпарат берілген жоқ. Елімізде ана мен баланы қолдау жүйелі түрде іске асырылып келеді. Әртүрлі мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер төленуде.

Өткен жылы 391 мың бала дүниеге келді. Бала туған аналарға бір реттік жәрдемақы беріледі.  Ал үшінші  баласын аман-есен дүниеге әкелген анаға берілетін жәрдемақы 95 900 теңгені құрайды.

Одан да көп бала туған анаға 159 мың теңге жәрдемақы беріледі. Бала 1 жасқа толғанға дейін күтіміне деп ай сайын 14 мың мен 22 мың теңгенің арасында тағы да жәрдемақы төленеді.

Жүктілікке байланысты жәрдемақы бар. Ол барлық анаға әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді.

Елімізде 237 мың ана «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған. Бұл аналарға өмір бойы ай сайын 16 100 теңге төленеді. Бұл жәрдемақы табысқа байланысты емес. Және зейнеткерлікке шықса да жәрдемақы төлене береді. Зейнетақысын да алып отырады.

Көп балалы отбасыларға мемлекеттің арнайы жәрдемақысы бар. Былтыр бұл жәрдемақыны 271 мың отбасы алды. Ай сайын шамамен 10 мың теңгеден. Егер осы жәрдемақының бәрін алған отбасының табысы мөлшерден төмен болса, онда атаулы әлеуметтік көмек деген тағы бар. Бұл көмек қазір жаңа форматқа енгізілген…».

Солай дейді министр. Толық ақпарат берілмеген дейді ол. Министр «миллионер» аналармен жүздессе толық ақпарат алар ма еді, бәлкім.

 

Көп балалы ана:


«Алтын алқамды» көрсетуге ұяламын»



Гүлшара Дәулетованың 12 баласы бар. Пенсияға шыққаны кеше ғана. Кенжесі 11-де.

«Министр айтқан миллионды өңім түгіл, түсімде көргем жоқ. Миллиондап тапсам, жанымды бағып үйде отырмаймын ба? 17 жыл бойы құрылыста Алматы облысынан қалаға қатынап жұмыс істедім.

Көп балалы ретінде осы айда алған жәрдемақым 13 280 теңгені құрады. Біреуіне емес, барлығына берілген жәрдемақы бұл! Өзге көмек жоқ. «Алтын алқаның» аты ғана бар. Көрсетуге ұяламын кейде. «Алтын алқаның» «айлығын» – 16 100 теңгеге өсіріпті. Қай жыртығымды жамаймын мұнымен?» –дейді ол.

Дайындаған Думан БЫҚАЙ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x