Байбек мырза, қаланы тағы жаяу аралаңызшы, өтініш!

Dalanews 20 мау. 2017 05:38 253

Шыны керек, Алматы қаласы әкімдігі керемет жоба-бағдарламаларды қолға алып жатады. Әсіресе, қаланы дамытуға қатысты жасалған бағдарламалардың қағаз жүзінде жазылған нұсқаларын көрсеңіз, тіптен риза боласыз. «Қала болашақта осылай дамиды» деп, Алматыда жүргеніңе іштей қуанып қаласың. Бірақ қағаз жүзінде керемет жазу бар да, ал оны іс жүзінде орындау, екеуі екі бөлек нәрсе.

Осыдан біраз бұрын Алматыға Бауыржан Байбек мырза алғаш әкім болып тағайындалғанда қаланы дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қолға алынған болатын. Енді онда керемет сөздер жазылған. Дегенмен оның бәріне тәптіштеп тоқталып, уақыт алудың керегі жоқ шығар. Бірақ, қалада қазіргі жасалып жатқан жұмыстардың көбі сол жобаның негізінде жүзеге асып жатыр.



Одан бөлек, қала әкімінің «қоршаусыз қала», «қаптаған заңсыз жарнамаларға тыйым салу», «ескі аялдамаларды бұзу» секілді тапсырмалары бар. Осыған байланысты қала әкімі өткенде шаһарды жаяу аралап, Алмалы ауданында жасалған істердің шалағайлығына, берілген тапсырмалардың өз деңгейінде дұрыс орындалмай жатқанына қынжылыс білдіріп, қатаң сынға алған еді.

О, тоба, әкім қалай сын айтты, іс дереу жүріп кетті.

 

Әкім сын айтса ғана тапсырма тиянақты орындала ма?

Дегенмен мәселе осымен біте ме? Өкінішке орай, керек десеңіз, мұндай келеңсіздіктер Алмалы ауданында ғана емес, қаланың барлық ауданында осындай жағдайлар орын алып отыр. Тіпті, Алмалы ауданы бұдан кейін керемет болып кетті деп те айта алмаймыз. Тек бір шағын территориясы ғана жөнделді. Ал қалған аймақтарында сын айтылатын тұстар аз емес.
Әкімдіктегілер тырнақ астынан кір іздеді деп айтпай-ақ қойсын. Біз ауданның талай толып жатқан басқа мәселелерін сынамай-ақ қояйық. Тек қала әкімінің тапсырмалары аудандарда тиянақты орындалмай жатқанын айтсақ та, осының өзі аудан басшыларына атан түйеге ауыр жүк болатындай әжептеуір салмақ болатын тәрізді.

Алматыда «қоршаусыз қала» бағдарламасы қолға алынды. Бірақ Алмалы ауданында көптеген ғимараттардың алдындағы ескі қоршаулар әлі алынған жоқ.



Жарайды, оны қойшы, осыдан біраз уақыт бұрын қала әкімдігі қаптаған заңсыз жарнамаларға тыйым салу жобасын қолға алды. Осы ретте тиісті мекемелер заңсыз жарнамалардың темір арматурадан тұрғызылған бағаналарын шетінен тізеден төмен қарай кесіп тастады.
Жоғарғы жағын алып кетіп, ал арматуралар сояудай-сояудай болып сол күйі қалды. Құдай сақтасын, егер алда-жалда оған біреу сүрініп кетіп құлайтын болса, әлгі шошайған арматуралар адамның қарнын жарады, мерт қылады. Сонда бізде әкімнің тапсырмасы осылай орындала ма?

Әлде оны да түбімен алып, тапсырманы тиянақты орындау үшін міндетті түрде қала әкімі тағы да шаһарды жаяу аралап, сын айтуы керек пе? Немесе біреудің қарны жарылып өлуі керек пе?



 

Сонда ғана біз істі тиянақты орындаймыз ба? Әйтпесе, соны түбірімен алып тастау үшін көп те қаражат кетпейді. Әкімдіктің жер қазатын тракторы небәрі бір бір көпшік алса, әлгі арматуралар түбіндегі бетонына дейін қопарылып шығады. Кейін ол жерге бір көпшік топырақ тастаса, болғаны, осымен іс бітеді. Осыны жасау әкімдікке қарасты мекемелерге үлкен мәселе ме? Әрі тұрғындарға төнетін қауіп те сейілетін еді...

Бәрі көзбояушылық әрекет болып отыр

Бұдан кейін қала әкімдігінің «ескі аялдамаларды бұзып, жаңасын салу» жобасы да өз деңгейінде тыңғылықты орындалып жатқан жоқ. Тиісті мекемелер аялдамалардың тек қана қаңқасын алып кетіп, астындағы жалпақ бетондары сол күйі қалып жатыр.
Тіпті кейбіреулері бетонның үстіне төселген кафельіне шейін тұр. Сонда бұған не деуге болады? Мұны қалай түсінеміз? Істі жасағаннан кейін оны шала-пұла қылмай, аяғына дейін жасау керек қой. Ал бізде бәрі көзбояушылық әрекет болып тұр.

Оны түбірімен бетонына дейін бұзып алып, сол жерге газон немесе гүл егіп қойсақ, қандай тамаша болар еді... Көрген жұрт та сүйсініп, халық әкімдікке де, тиісті орындаушыларға да ризалықтарын білдіретін еді ғой. Әттең...



Қазір елімізде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Шетелден келген қонақтар Қазақстанның астанасы болған, ірі мегаполис – Алматыға міндетті түрде келетіні сөзсіз. Тіпті, Алматыға бірінші келіп, содан кейін Астанаға баруы да мүмкін ғой. Сонда біз оларға немізбен мақтанамыз? Аялдамаларымыздың түрі анау, жарнамаларымыздың түрі мынау, қаланың орталығы саналатын  – Алмалы ауданында ескі қоршаулар әлі тұр. Ертең шетелдіктер әр мекеменің алдындағы сояудай-сояудай қазықтарды көріп күлмей ме? Қазақтар аттарын байлау үшін арнайы қазық қағып қойған ба деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Олар мұның заңсыз жарнамадан кейінгі күрестен қалған белгі екенін қайдан білсін. Ал сүрілген аялдамалардың орнындағы ашық аспан астындағы кафелденген еденді көріп айран-асыр болатын шығар.



 

P.S. Біз сөз еткен мәселелердің барлығы қаланың қақ ортасы – Алмалы ауданында орын алып отырған жағдай. Тіпті суретімен, қай жерде тұрғанына дейін көрсетіп қойдық. Қаланың орталығы осындай жағдайда тұрса, онда басқа аудандар туралы не айтуға болады? Қалай десек те, қаланың басқа жеті ауданы да жетісіп тұрғаны шамалы. Сондықтан әрбір аудан әкімдері, қаланың көріктендіру мекемесі мен «Алматы жарнама» ЖШС басшылары, шаһардың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жетекшісі және қала әкімінің көріктендіру саласына жауап беретін орынбасары Ерлан Әукенов мырзалар бұған немқұрайлы қарамауы керек деп есептейміз. Ең болмаса, қала әкімінің тапсырмасы тиянақты орындалса дұрыс болар еді, шенеунік мырзалар!..

Байбек мырза, шаһарды тағы бір жаяу аралаңызшы, өтініш!!!

 

 

Серік Анарбайұлы

 

https://dalanews.kz/25585

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x