«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО тұрғындарына жеке куәліктерді дер кезінде ауыстыру қажеттігін ескертеді

Dalanews 29 нау. 2022 10:29 266

«Азаматтарға арналған үкімет» шығысқазақстандықтарға құжаттың жарамдылық мерзімінің аяқталуын күтпей-ақ, жеке куәлікті ертерек ауыстыруға кеңес береді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, ХҚО-ға құжаттарының мерзімі өтіп кеткен клиенттер жиі жүгінеді. Ал ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтарының тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз бір айдан астам жүруі 7 АЕК мөлшерінде айыппұлдың салынуына әкеп соғады.

«Жеке куәлікті тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан кез келген ХҚО-да ауыстыруға болады. Онда тек 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Жаңа құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Қалауыңыз бойынша қосымша ақы төлеп, куәлікті дайындау мерзімін бес жұмыс күніне дейін жеделдетуге болады», - деп нақтылап өтті филиал директоры.


Сондай-ақ, жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Алғашқы құжатты алу үшін жасөспірім ата-анасының бірімен ХҚО-ға жүгінуі керек. Өтініш беру үшін туу туралы куәлік, төлқұжат (бар болса) және мемлекеттік баж салығының төленгені туралы түбіртек тапсыру қажет.

Туу туралы куәлікте тегін немесе атын өзгерткен, некеге тұруға/бұзуға байланысты тегін өзгерткендер де бір ай ішінде құжатын жаңартуы тиіс.

Айта кетейік, ШҚО бойынша жыл басынан бері жеке басты куәландыратын 30 мыңнан астам құжат берілген.

Анықтама: Паспорт мерзімі өткен жағдайда айыппұл қарастырылмаған. Ол шетелге шығу үшін пайдаланылатын құжат. Төлқұжат алу үшін кез келген ХҚО-ға жүгінуге болады. Мемлекеттік баж мөлшері – 8 АЕК.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x