«Ұлағатты ұрпақ» қоры Райымбек аудандық ауруханасына 5 оттегі концентраты мен 20 пульсоксиметр табыстады

Dalanews 22 шіл. 2020 15:11 231

«Ұлағатты ұрпақ» қоры Райымбек ауданының ауруханасына 5 дана оттегі концентраторын, 20 дана пульсоксиметр, 600 дана тыныс алу түтікшелерін табыстады, – деп хабарлайды «Жетісу» газеті.

Жәнібек Әлікен жетекшілік ететін «Ұлағатты ұрпақ» қоры Райымбек аудандық орталық ауруханадағы сырқат жандарға ең керекті, қажетті дәрі-дәрмектерді алып берді. Олар ең бірінші кезекте 1 данасы 170 мың теңге тұратын 25 дана «Оттегі концентраторын» сатып алып беруді жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда аталған аппараттың 5 данасы мен науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті аурухана әкімшілігі қабылдап алды. Қалған аппараттар да аптаның аяғына дейін жеткізілмек.


Осының алдында ғана «Ұлағатты ұрпақ» ұжымы жалпы бағасы 700 мың теңге тұратын «Пульсоксиметр» жабдығының 20 данасын ауруханаға табыстаған болатын.

Қазіргі таңда жалпы бағасы 346 500 теңге тұратын «Канюли» атты тыныс алу түтікшесінің 600 данасына тапсырыс берілді. Ол түтікшелер де жуық арада ауруханаға жеткізіліп, сырқат жандардың игілігіне беріледі. Мұндай игілікті істен аудан тұрғындарынан құрылған «Айдың нұры», «Қарекет», «Нарынқол жастары» атты еріктілер тобы да сырт қалып отырған жоқ.

– Дәл қазіргідей уақытта «Ұлағатты ұрпақ» сияқты еріктілер тобының, қоғамдық қорлардың жасап отырған қолдауы мен көмегі аудан тұрғындарының ризашылығын тудырып отыр. Әсіресе, аудандық ауруханада жатқан сырқат жандардың алғыстары шексіз. Өңірге дер кезінде жеткізілген өкпені жасанды жолмен тыныс алдыратын аппараттардың, ең қажетті дәрі-дәрмектердің арқасында көп адамдар сырқатынан айығып, қатарға қосылды. Ауданнан шыққан азаматтардың қолдауымен жеткізілген дәрі-дәрмектер бүгінде жеткілікті дәрежеде. Біз оларға аудан тұрғындарының атынан зор алғыс айтамыз, – дейді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x