«Жұмыспен қамтудың жол картасы» Қайнар ауылының ажарын кіргізді

Dalanews 16 мау. 2020 01:39 293

Райымбек ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде көптеген істер атқарылуда. Айталық, Қайнар ауылдық округіндегі Манап, Амангелді және О.Тастандиева көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жолдардың ұзындығы 3,2 шақырымды құрайды. Бұл жұмысқа жұмыссыз жүрген ауыл азаматтары тартылып, еңбек етуде.

Ауыл ақсақалдары және жастармен кеңесіп, мүлдем тас төселмеген ойдым-ойдымы шыққан топырақ көшелерге тас-құм төсетілді. Шоған Абыз ескерткішінің батыс жағындағы тас жолдың жиегіндегі сонау 60-жылдардың аяғындағы су тасқыны салдарынан болған үлкен шұңқырларға да тас-құм толтырылды.

Ауылдың біртуар азаматы медицина ғылымының докторы Рахмет Жартыбаевтың демеушілігімен барлық көше атауларының тақтайшалары (аншлагтар) талапқа сай жаңартылып, қайтадан орнатылды. Нәтижесінде ауыл көшелерінің келбеті айтарлықтай жақсарды.


Кеңес заманынан бері қараусыз қалған аумағы 4 гектарды құрайтын ауыл паркі Оралбек бастаған ауыл азаматтарының арқасында тұтастай қоршалып, көше жағындағы темір қоршаулары түзетіліп, жұмыспен қамту бағдарламасымен тартылған ауылдың қыз-келіншектерінің күшімен біркелкі түспен сырланып, қайтадан қалпына келтірілді. Парк ішіндегі қураған ағаштарға биыл санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде, ал келесі жылы көктемде жасыл желектер отырғызылмақшы.

Ауылдық округ әкімдігі ғимаратының тозығы жеткен шатыры мен 149 метр қоршауы да жаңартылғанын айта кетуіміз керек. Көше бойындағы қисайған қоршаулар қайта қалпына келтіріліп, біркелкі түспен сырланды.

Ауыл арықтар трактормен қайта қазылып, ауыл тұрғындары бас арыққа судың ерте түсуіне байланысты шабындық және егістік жерлерін суғарып, шөп шабу науқанын бастап та кетті.

Ауыл келбетінің өзгеруі бір ғана әкімдіктің мойнына артып қоятын шаруа емес. Бұл көп болып бітетін шаруа. Ауылдың ажарын кіргізіп, көркейту әрбір азаматтың азматтық борышына айналыу тиіс.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x