Жетісудың 40 мың тұрғыны жұмыспен қамтылады

Dalanews 27 мам. 2020 06:14 249

Алматы облысының 40 мың тұрғынына «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының шарапаты тиеді.

Аталмыш жобаның іске асуына 18 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.  Бүгінгі таңда бірінші бағыт бойынша  135 адам қысқа мерзімді оқытудан өтіп жатыр.

Кәсіп бастап, жеке бизнес иесі атануға ықылас танытқан 1100 кәсіпкерге шағын несие беріліп, 27 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылмақ.

Мамандардың айтуынша, бағдарламаға қатысу ережелері өткен жылмен салыстырғанда біршама жеңілдеген. Ендігіде несие алу үшін жеке кәсіпкерлік ретінде тіркеудің еш қажеті жоқ. Бар болғаны бірыңғай жиынтық төлем жасасаңыз жеткілікті.


Ал көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар грант алу үшін бұрынғыдай «Бастау» курсынан өтпейді.

– Қысқа мерзімді оқыту бітірудің де қажеті жоқ. Барып, арызын тапсырса қаржылай грант ала алады. Мұны «Еңбек» бағдарламасының шеңберіндегі маңызды өзгеріс деп атауға болады. Сонымен қатар, жастарды жастар тәжірибесіне жолдап жатырмыз. Қазіргі уақытта 477 түлек жастар практикасынан өтуде, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Бақыт Тоқтарқызы.

Анар Сабырова, Алматы облысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x