Түркістан. Ана мен бала құқығының қорғау – басты назарда

Dalanews 15 қаз. 2019 11:08 301

Бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері Түркістан облысына келді.

Шымкентте осы кеңестің балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және жинауға жауапты жұмыс тобының қатысуымен жиын өтті. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізді.

Басқосуда балалар құқығын қорғау саласындағы баяндамалар мен есептер тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.

Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау кеңесінің мүшесі, топтың консультант-жетекшісі Рысты Жұмабекова бұл жұмыс сапарының мақсатына тоқталды.

Оның айтуынша, арнайы топ өңірдегі Жол картасының «Бақытты отбасы» партиялық жобасымен танысады. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесу және балалық шақтың қорғалуын қамтамасыз ету құралдарын енгізу, өңірлік деңгейде балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мекемелердің қызметімен танысу да назарда тұр.

«Nur Otan» партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиева да талқыланған мәселенің маңыздылығына тоқталды.

Жиында жергілікті полиция, адами әлеуетті дамыту, қоғамдық денсаулықты сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының есептері тыңдалды. Балалардың жағдайы туралы статистикалық мәліметтер мен отбасыларды қолдау бойынша жүзеге асатын жобалар талқыланды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев өз баяндамасында «Бақытты отбасы» партиялық жобасы бойынша филиал жанынан 117 адамнан құралған топ құрылғанын атап өтті.

Бұл топ мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеп, өңірдегі негізгі үш мәселені анықтаған. Олар – әлімжеттік, зорлық-зомбылық және суицид. Өңірде рейдтер нәтижесінде 8 айда ата-ана бақылауынсыз қалған 62 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Өкініштісі сол, облыста жасөспірімдер қылмысы мен суициді де аз емес.

– Жаңа облыс құру барысында балалар мәселесімен айналысатын мекемелер мен кәсіби мамандардың көбі Шымкентте қалып қойды. Сондықтан Түркістан облысында психологиялық және зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалту орталықтарын ашу – кезек күттірмейтін іс. Партия филиалы осы бағытта белсенді жұмысқа көшеді, – деді Б.Тәжібаев.

Үш күнге жоспарланған сапар аясында жұмысшы топ Түркістан облысындағы 80-нен астам білім беру, медицина, ювеналды полиция, әлеуметтік қорғау және өзге де мекемелерге кіріп, жұмысымен танысады. Атап айтқанда Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Шардара, Қазығұрт, Түлкібас, Төлеби, Сайрам аудандарын аралап, жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге көпбалалы аналарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, балаларға қосымша тегін білім беру жолдары талқыланып, өзге де мәселелер бойынша елдің ұсыныстары тыңдалады.

 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x