«Дастан» тұшпарасына сұраныс жоғары

Dalanews 26 мам. 2019 11:43 274

Еліміз нарықтық экономиканың табалдырығын аттай салысымен өзінің бағытын дұрыс таңдап, бойындағы іскерлік қабілетін іс басынан табылуға арнаған азаматтардың қатары арта бастады. Олар кәсібінің көкжиегі кеңейе беруі үшін бәсекеге қабілетті болуға талпынды. Оның үстіне, жылдан жылға мемлекеттің кәсіпкерлерге деген қолдауы да артып келеді. «Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанның индустриалды және әлеуметтік жаңғыруының негізгі құралы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қай уақытта да шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

Міне, Шу ауданында да шағын және орта бизнесті белсенді қолдау бағытындағы жұмыстар бүгін де жалғасын тауып, былтыраудан тарихында алғаш рет Көктөбе ауылынан тұшпара шығаратын жаңа цех ашылыпты. «Дастан» деп аталатын цех бүгінде тәулігіне 50 келіге дейін тұшпара дайындайды. Көктөбе ауылының тұрғыны Берік Орманбековтың «Орманбеков» жеке кәсіпкерлігі мұндағы өнімді тек сиыр етінен әзірлейді екен. Қазіргі таңда Шу ауданындағы дүкен сөрелерінен «Дастан» атауындағы тұшпара өнімін жиі кездестіруге болады. Тұрғындардың айтуынша, өтімді тауар тәрізді, сөрелерде көп тұрақтамайтын көрінеді. Өйткені, аталмыш цехтың өнімін тек көктөбеліктер ғана емес, ауданнан шалғай орналасқан Шоқпар, Далақайнар секілді ауылдық округтің тұрғындары да көптеп тұтынады екен.

– Көбіне-көп басқа жақтан келген тағамдардың құрамына күдікпен қарайтынымыз жасырын емес. Оған қоса, Шу ауданы облысымыздағы ең үлкен аудандардың қатарына кіреді. Сондықтан, өнімнің өтімділігі де жоғары болмақ. Осындай жайттардың бәрін ойластыра келе, тұшпара цехын ашуды жоспарлап, енді міне өз күшімізбен межелі мақсатымызға да қол жеткізіп отырмыз. Біздің өнімдеріміз бүгінгі таңда «Дастан» атауымен аудандағы Шу қаласы мен барлық ауылдық округтердегі дүкендерде сатылуда. Ойлағанымыздай-ақ,өнімге деген сұраныс өте жоғары болды.

Әзірге цехта алты адам жұмыс істейді. Олардың барлығы да жергілікті жердің тұрғындары. Сәтін салып, мемлекет тарапынан қолдау болып жатса, өндіріске қажетті қосымша құрылғылар алып, цехтың өндірістік қуатын ұлғайтуды көздеп отырмыз, -  дейді Берік Рысқұлбекұлы.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x