«Дәстүрлі құндылықтар керуені» Кентауға келді

Dalanews 28 қар. 2018 09:17 165

Түркістан облысы бойынша өтіп жатқан «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі іс-шара Кентау қаласында жалғасты.

Жастар орталығына жиналған көпшілік арнайы бейнероликті тамашалады. Бейнероликте байқаусызда әлеуметтік желі арқылы керағар діни ағымдардың ақпараттарын таратқан жастардың істі болып, темір торға тоғытылғаны баяндалған.

Жиынның мәні мен маңызын кең көлемде атап өткен Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев көпшілікті еркін пікір алмасуға шақырды. Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог, дінтанушы маманы Файзулла Тайтелиев байыпты баяндама жасап, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің басты себептері мен күрес жолдарын түсіндірді. Ал, облыстық халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова «Мәңгілік елдің мәңгілік құндылығы – ұлттық салт дәстүр» атты тақырыпта жан-жақты айтып өтті.

Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Мәди Бесбаев керағар ағымдармен көпшілік болып күресу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, бұл іс-шараның әрбір ауылда өтуі керектігі жөнінде ұсынысын білдірді.

Қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Мұратбек Абдуллаев салт-дәстүр жайындағы орамды ойларын ортаға салды. Жиын соңында көпшілік тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен сұрақтарға жауаптар берілді.

 

Dalanews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x