Орыс әскері қансырап қалды. Олар Javelin пен Stingers-тен өлердей қорқады - АҚШ генералы

Dalanews 28 нау. 2022 12:06 230

Кремль мен Киевтің арасындағы қантөгіс қаншаға созылады? НАТО Украинаның әуе кеңістігін қорғаудан неліктен бас тартып отыр? АҚШ Украинаның әскери әлеуетін жеткілікті деңгейде бағалады ма? Батыс Путиннің бөгде елге басып кіру жоспарын білген болса, оның алдын алуға неге әрекет етпеді?

Киевтегі экономика мектебінің төрағасы Тимопей Миловановпен тілдескен отставкадағы АҚШ генералы Дэвид Говелл Петреус осы төңіректегі өзекті сауалдарға жауап қатты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Сарапшыға сөз кезегін бермес бұрын алдымен, ол туралы аз-кем мағлұмат бере кетсек.

Дэвид Петреус – отставкадағы АҚШ генералы, 2008-2012 жылдары Орталық барлау басқармасының директоры болды. Оған дейінгі 35 жылын Америка армиясына арнады. Ауғанстандағы арнайы операция кезінде АҚШ Қарулы күштері мен Халықаралық күштердің жасағына қолбасшылық етті.

...

– Батыс елдері Кремльдің Украинаға басып кірерін күні бұрын білді. Соғыстың алдын алу мүмкін бе еді? Айталық, дипломатияның көмегімен немесе санкцияны қатаңдату арқылы Путинді тежеу жоспары неге жасалмады?

– Ресей Украинаға басып кірмей тұра, Батыс елдерінің Кремльге қатысты позициясы ала-құла болды, бірқатары Ресейге сіз айтқан қатаң санкция салудан тартынды. Олар бірінші кезекте өзінің экономикалық мүддесін ойлады.

Мәселен, соғысқа дейін Германия Nordstream-2 (Солтүстік ағын-2) жобасын тоқтату туралы талапқа құлақ аспай, тиіп-қашып жүрді. Соғыс бастала сала Берлин жобаның құрылысын кілт тоқтатты.


Соғыстың алғашқы аптасында Германия ешкім ойламаған аса маңызды саяси шешімдер қабылдады:

  • Қорғаныс саласына бөлінген бюджеттің үстінен қосымша 110 млрд доллар шығындады.

  • Қорғаныс саласына бағытталатын қаржының көлемін ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына дейін өсірді.

  • Украинаға Ресейдің әскери техникасын қиратуға қажетті қару-жарақ жөнелтті.


– Батыстың барлау қызметі Киевке ұдайы жедел ақпарат жеткізіп тұрды. Украин билігі Ресейдің басып кіреріне соңғы сәтке дейін сенбеген сыңайлы. Әлде Зеленскийдің жоспары болды ма? Киев Путиннің шабуылын күтті ме?..

– Басқыншылар шекараны бұзып, елді-мекендерді атқылай бастағанда Украин билігі абдырап қалғаны рас. Бірақ, бұл хәл ұзаққа созылған жоқ. Киев қорғануға, қарымта қайтаруға көшті. Ел басына күн туған шақта, қолда барды ұқсатуға, импровизация жасауға тура келді.

Украин көшбасшылары мен украин әскерінің табандылығына, төзімділігіне, қайсарлығына күллі әлем тәнті болып отыр. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.


Елді екі-үш күннің ішінде жаулап алуды жоспарлаған "путиншілдер" тығырыққа тірелді. Басқыншыларға төтеп берген бастапқы күндері Украинаның Қарулы күштеріне қару-жарақ, әскери ұшақ, Ресейдің танкілерін талқандайтын заманауи құрылғылары жетіспейтіні айқын білінді.

Батыс бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатыр. Украин армиясына қажетті әскери техника мен қару-жарақты жеткізуде кедергі болмауы тиіс.  НАТО елдері бұдан бас тартпайды.

Десе де, бір жайттың басы ашық:

егер жауынгердің бойында жауға қарсы шабар қайсарлық, табандылық, күрескерлік қабілет болмаса, қару-жарақтан қайыр жоқ.


Украиндар ержүрек ұлт! Қаһарман халық! Бұған осы күнде күллі әлемнің көзі жетті.

Батыс елдері Javelin пен Stingers-ті молынан жеткізер болса, украин әскері кез келген агрессияға қарсы тұра алар адуынды, айбарлы күшке айналады.



Соғыс басталғалы талай көпір жарылды. Украинадағы теміржол байланысы үзілді. Бұл ұтымды шешім болды, өйткені Ресей ауыр әскери техникасын теміржолдың көмегімен тасымалдауды жоспарлаған.

Украин армиясының кәсіби деңгейі басқыншылардан асып түсті. Орыс әскері көбіне-көп қара күшке салады, сөйтіп бар энергиясын сарқып тастайды.

Javelins-тер жетпей тұра украин сарбаздары жаудың жанармай таситын көліктеріне шүйлікті, оларды түгелдей жарып, жағып жіберді. Іркесіп, тіркесіп келе жатқан колонна жүрісінен жаңылды.

Сіздер танкінің, бронды техниканың ізіне түспедіңіздер, әуелгі кезде олармен алысу өзіңді өлімге тігумен тең еді әрі өзін-өзі ақтамайтын шешім-тұғын.

Украин армиясының айлаға салып, ақылмен қабылдаған стратегиясы басқыншыларды сан соқтырды, орыстар сіздерді ашық шайқасқа шығады деп күтті.


Иә, бастапқы кезде Украинаның Қарулы күштеріне кері шегінуге тура келді. Бүгінгі таңда сіздер қарымта қайтаруға көштіңіздер.

– АҚШ Украинаның әскери әлеуетін төмен санағаны рас па? Киевтің Кремльге төтеп береріне күмәнмен қараған сыңайлы...

 – Рас, бұлай ойлаған азаматтардың қарасы көп болды. Американың өз ішінде Украинаның екі-үш күнде құларына сенімді болған скептиктердің аузына құм құйылды. Киевтің мұншалықты қарсылық көрсетеріне қайран қалып жатқан сарапшылар жетіп артылады.

Атыс-шабыс қалалық жерде жүріп жатыр. Мұндай шайқасқа шыдас беру қиын.

Негізгі салмақ әскерилерге түсетіні айтпаса да белгілі. Бөгде елдің ой-шұңқырын біле бермейтін оккупанттарға тіпті ауыр.

Бұған дейін де айтқанмын, тағы бір мәрте қайталайын: Ресей Украинаны тұтас жаулай алмайды!

Олардың тіпті Киевті қоршайтын дәрмені жоқ, әбден әлсіреген, қансыраған. Орыстардың қолынан келері, тұрғын үйлерді, инфрақұрылымды бомбылау ғана. Киевке кіруге басқыншылардың жүрегі дауаламайды.


Украиндар өз жерінде соғысуда. Бұл бостандық үшін күрес. Отан үшін отқа түсетін сәт. Олар аянып қалмайды, ал оккупанттардың әскери рухы мүжіліп қалған.

– НАТО-дағы шешім шығару процесі көпшілікке құпия. Украинаға қатысты шешім қабылдауда саяси лидерлердің ықпалы басым ба, әлде қоғамдық пікірге құлақ түресіздер ме?

– НАТО-дағы шешім шығаратын басты құрылым Солтүстік Атлантика кеңесі. Кеңес ұйымға кірген 30 мемлекеттің үкімет басшыларынан құралған. НАТО-ның әскери комитеті бар, комитет сарапшылары ұйым мүшелеріне әскери салаға қатысты ақыл-кеңес береді. Комитет жүрдек жұмыс істер болса, шешім де шұғыл түрде қабылданады. Көп жағдайда бюрократиялық кедергілерге ұшырасып жататынымыз рас.



Путин шектен шығудың аз алдында тұр. Оның ядролы қарумен қорқытып-үркітуі НАТО-ға берілген белгі. Әйтсе де, АҚШ билігі Ресеймен ашық айқасқа түсуге батпай отыр.

Америка НАТО-ның белді өкілі. Ұйымға біріккен 30 елдің ішінде НАТО-ны қаржыландыруға қыруар қаржы (өзгелерден екі есе көп) жұмсайтын жалғыз ел. АҚШ-тың ұйым жұмысын жүйелеудегі орны бөлек. Ықпалы басым, іс-әрекеті өтімді. Десе де, ешқашан астамсыған емес. НАТО-ның жиындарында біздің ел «келісіп пішкен тон, келте болмас» деген позицияны ұстанады.

– Ресейдің Украинаға бағытталған агрессиясы қаншаға созылуы мүмкін? Оның нақты мерзімі бар деуге негіз бар ма?

– Бұған "иә" немесе "жоқ" деп кесіп жауап беруге болмас. Агрессияның аяқталуы бірнеше факторға байланысты. Ресей санкцияға қанша уақыт бойы шыдас береді, мәселе сонда. Үндістан, Қытай секілді алпауыт елдер ақыр соңы кімнің сөзін сөйледі? Бұл да Путин агрессиясын тежеуге түрткі болатын жайт.

Бір анығы, Кремль санкциядан бас көтермейді.

Бүгінгіден сойқан, сұрапыл санкциялар қабылданады. Қазіргі шектеулер Путиннің маңайы мен олигархтарды жіпсіз байлап тастады, ертеңгі күні қарапайым халық санкцияның ауыртпалығын сезінетін болады.


Орыстардың тұрмысы ауырлап, ішерге ас, киерге киім таппай қиналады. Бұл жаза! Украинаға басып кірген Путинді сабасына түсірудің жалғыз жолы.

– НАТО Украинаның әуе кеңістігін қорғаудан неліктен бас тартып отыр?  Бейбіт ел қырылып жатыр, Батыс қашанға дейін қол қусырып отырады?

– НАТО-ның шеңберінен шықпауға тиісті шектеулер бар. Альянстың барлық мүшелері осы талапқа бағынуы тиіс. Украинаның әуе кеңістігін арашалар болса, НАТО әскері Ресей армиясымен шарпысады. Әуедегі шайқас, жердегі ұрысқа ұласады. Оның зардаптары қазіргіден де ауыр болуы мүмкін.

Үшінші дүниежүзілік соғыс басталса, Путин ядролы қаруды қолданудан тайынбайды. Батыс пен Ресей ашық кетісер болса, мұндай сұмдыққа да куә боламыз.


Путинді тежеудің бұдан өзге де амалдары бар. Батыс Украинаның Қарулы күштерін елдің әуе кеңістігін қорғауға қажетті қорғаныс жүйелерімен қамтамасыз етуде. Алдағы уақытта НАТО Киевке Миг-29 жойғыш ұшағын жеткізуі мүмкін. Олар Польшада тұр. Javelins пен Stingers-тің тасымалы да тоқтамайды.

– Украина жеңіске жеткен жағдайда Путинді не күтіп тұр?

– Соғыс түрлі жолмен аяқталуы мүмкін. Сіз бен біз күткен сценарийден бөлек финалдар бар. Өз басым, Ресейде жуық арада төңкеріс болады, Путин тақтан таяды деп ойламаймын.



Кремль көсемінің әскерге жіберетін жауынгерлері таусылуы мүмкін. Украина жерінде көмусіз қалған орыс солдаттары туралы жантүршігерлік жаңалықтар Ресейге жетпей жатқан жоқ. Ел ұлдарын әскерге жіберуден жаппай бас тартқан кезде Кремль тығырыққа тіреледі. Сол кезде соғысты аяқтаудың амалын іздеп жанталасады. Мәскеудің де, Киевтің де көңілінен шығатын әрекетке баруы мүмкін.

Киев өліспей, беріспейді! Украиндар ақырына дейін күресуге әзір. Бұл конфликтінің ұзаққа созылатын түрі бар, ең қауіптісі де – осы. Дәл қазір қос тараптың келіссөзінде түйісер нүктелер табылмай тұр.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x