Хань Чуньлинь: көршілес елдермен ортақ тағдыр қауымдастығын құру – стратегиялық маңызды бағыт

Қаракөз Амантай 29 дек. 2025 13:38

ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлинь көршілес мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастыру – жаңа дамудың көкжиектеріне бастайтын жол екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Елші мақаласы:

Жуырда өткен Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ХХ шақырылымының 4-пленумында (бұдан әрі – ҚКП ОК) «Ұлттық экономикалық және әлеуметтік дамудың 15-бесжылдық бағдарламасын әзірлеу жөніндегі ҚКП ОК ұсынымдары» (бұдан әрі – Ұсынымдар) қаралып, қабылданды. Құжатта көршілес елдермен даму интеграциясын тереңдету, бірлескен қауіпсіздікті нығайту, стратегиялық өзара сенімді арттыру және көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілген.

Қытайда «Алыстағы туыстан гөрі жақын көрші артық» деген мақал бар. Өз шекараң маңында тыныштық орнамайынша, тұрақты даму туралы сенімді айту қиын. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин атап өткендей, көршілес елдер – Қытайдың ұлттық дамуы мен өркендеуінің өмірлік маңызы бар негізі. Аймақтық жағдай мен жаһандық өзгерістер өзара тығыз байланысқан қазіргі кезеңде Қытай көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын белсенді түрде қалыптастырып, жаһандық дамуға жаңа серпін беріп, ірі державаның жауапкершілігін паш етуде.

«Жалпыға ортақ қамқорлық» арқылы «тату көршілікке» қол жеткізіп, ортақ тағдыр жолында қатар қадам басу
Ашықтық, инклюзивтілік, ортақ игілік, теңгерімділік және өзара тиімділік – көрші мемлекеттермен ортақ тағдыр қауымдастығын құрудың негізгі шарттары. Қырғи қабақ соғыс кезеңінің ойлау жүйесінен және «нөлдік нәтиже» тұжырымдамасынан бас тарту арқылы ғана көрші елдердің дамуы арқылы ортақ прогреске жол ашып, неғұрлым әділетті әрі ұтымды жаһандық басқару жүйесін қалыптастыруға болады.

Қазіргі таңда Қытай 17 көршілес елмен ортақ тағдыр қауымдастығын құру жөнінде ортақ түсінікке келді, 25 мемлекетпен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойды және 18 елдің ең ірі сауда серіктесі болып отыр. Қытай мен Орталық Азияның бес елі арасындағы өзара іс-қимыл «үш толық қамту» қағидаты негізінде жүзеге асуда: жан-жақты стратегиялық әріптестіктің толық қамтылуы, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша құжаттарға толық қол қойылуы және ортақ тағдыр қауымдастығын құру бастамасының толық іске асырылуы.

Сонымен қатар, әлем соңғы жүз жылда болмаған ауқымдағы жедел өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Жаһандық Оңтүстік елдерінің ұжымдық өрлеуі – осы үдерістердің ең айқын көрінісі әрі жаңа дәуір жүктеген тарихи миссия. Ұсынымдарда Жаһандық Оңтүстік елдерінің бірлескен әрі дербес дамуын қолдау, сыртқы көмектің ауқымын кеңейту және халықаралық қоғамдық игіліктер ұсынуды арттыру қажеттігі нақты көрсетілген.

Қытай Жаһандық Оңтүстікте пайда болып, сол жерде орнығып, онымен тығыз байланысты. Ол 160-тан астам елге даму көмегін көрсетіп, 1100-ден аса жобаны жүзеге асырды. Қытай мен Орталық Азияның бес елі – Жаһандық Оңтүстіктің табиғи мүшелері әрі жаңғыру жолындағы серіктестер. Алдағы уақытта олар ұлттық даму стратегияларын одан әрі үйлестіріп, жаңа дәуір мен өзгермелі әлем әкелетін сын-қатерлерге бірлесе қарсы тұрады.

«Бір қайықта отырып», «қауіпсіз көршілікке» ұмтылу

Қазіргі халықаралық қауіпсіздік ахуалы барған сайын күрделене түсуде: ірі державалар арасындағы текетірес күшейіп, геосаяси қақтығыстар жиілеп, популизм мен экстремизм қайта белең алуда, ал жаһандық тәуекелдер саны артуда. Мұндай жағдайда түрлі қауіптер мен сын-қатерлерді тиімді басқару және көршілес өңірлердегі тұрақтылықты қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.

Қытай көршілес өңірлерге сүйене отырып, қазіргі әлемдегі бейбітшілік, даму, қауіпсіздік және басқару тапшылықтарын еңсеруге ұмтылады. Си Цзиньпиннің айтуынша, Азия халықтары ежелден бейбітшілік дәстүрін қадірлеген, соның арқасында бұл өңір бейбіт қатар өмір сүрудің бес қағидатының бесігіне айналды. Қытай мен Орталық Азия елдері өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша маңызды саяси консенсусқа қол жеткізді.

Биыл өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде алты ел «Астана декларациясына» бірлесіп қол қойып, «Қытай – Орталық Азия рухының» қалыптасқанын жариялады. Тараптар негізгі мүдделерді қорғау мәселелерінде өзара түсіністік пен қолдауды растады, «үш зұлым күшке», трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, сондай-ақ Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге ниетті екенін білдірді.

«Жалпыға ортақ пайда» қағидаты негізінде көрші елдердің өркендеуіне жәрдемдесу

Си Цзиньпин Қытайдың ашықтық саясаты бұрын «қуып жетуші» сипатта болса, бүгінде «алға бастайтын» деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ұсынымдарда институционалдық ашықтықты тұрақты кеңейту, көпжақты сауда жүйесін қорғау және халықаралық экономикалық айналымды дамыту қажеттігі көрсетілген.

Экономикалық жаһандану – тоқтатылмайтын үдеріс, ал протекционизм – уақытша құбылыс қана. «Бір гүл көктем әкелмейді, көктем барлық гүл ашылғанда ғана келеді». Қандай жағдай болса да, Қытай даму мүмкіндіктерін бірлесе бөлісу қағидатынан айнымайды.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы, «Қытай – Қазақстан» автожолы, Ляньюньгандағы Қытай-Қазақстан халықаралық логистикалық базасы сынды жобалар табысты іске асуда. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шағын, бірақ сапалы жобалар көрші елдер тұрғындарына нақты пайда әкелуде.

Қазақстан – ортақ тағдыр қауымдастығын қалыптастырудағы маңызды серіктес

Шығыста таң атып келеді, бұл өңірдің болашағы жарқын. Қазақстан Қытай үшін – тату көрші, сенімді серіктес әрі жақын дос. Соңғы жылдары Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық басшылығымен Қытай-Қазақстан қатынастары жаңа деңгейге көтерілді. Қытай тарапы Қазақстанмен бірлесіп, саяси сенімді нығайтуға және даму стратегияларын үйлестіруге дайын екенін білдіреді. Бұл екіжақты қатынастар мен өңірдегі ортақ тағдыр қауымдастығы үшін жаңа көкжиектер ашады.


Рекомендовать
Последние новости