"Ақорда" резиденциясында Мемлекет басшысының атынан берілген ауызашарға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, мәдениет қайраткерлері, құтқарушылар, еңбек адамдары қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде ұлттық руханиятты дамыту мен мұндағы зиялы қауымның рөліне тоқталды.
"Жалпы, ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты.
Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн.
Қазіргі таңда зиялы қауымның қоғамдағы рөлі аса маңызды. Мәдениет қайраткерлері халыққа, ең алдымен, өз туындыларымен танымал болуы керек, қоғамға, әсіресе, жастарға жол көрсетіп, үлгі-өнеге болуы қажет. Жұртымыз зиялы қауымнан сабырлықты, парасаттылықты күтеді".