Үржардан шыққан кәсіпкерлер туған жеріне көмектесуде

Dalanews 29 июл. 2020 12:26 1083

Үржар ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша аудан тұрғындары мен атқамінер азаматтар медициналық мекемелерге қолдау көрсету шараларын жүзеге асыруда

Айталық, Үржар аудандық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Мұхаметхан Ақпековтың мұрындық болуымен және аудандағы кәсіпкер азаматтардың қолдауымен «Үржарға көмек» атты қайырымдылық  қоры құрылып, жиналған 20 млн теңге қаражатқа медициналық құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектер сатып алынып, аудандағы ауруханаларға таратылды.

Сонымен қатар ауданнан шыққан меценат, «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мақаншы ауданаралық ауруханасына жалпы құны 10 млн теңге тұратын оттегі концентраттарын, қорғаныш құралдарын сыйға тартып, 1 млн теңге қаражатты «Үржарға көмек» қорына аударды.


Аудан тумасы, кәсіпкер Құсман Шалабаев та бұл бастамадан шет қалмай, 1 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.

Игі бастамаға ауданнан шыққан спортшылар да үлестерін қосуда. Атап айтсақ палуан Әсет Мәмбетов туған жері Алтыншоқы ауылының тұрғындарына дәрі-дәрмек алып берді.

Көлденең ауылындағы «Юбилейный» ЖШС серіктестігі Үржар ауылында орналасқан ауданаралық аурухананың  провизорлық бөлімінде ем қабылдап жатқан азаматтардың денсаулығын көтеру мақсатында қомақты мөлшерде қымыз бен ет өнімдері табыс етілді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген  нақылды ту еткен аудан азаматтары бүгінгі күнге дейін 12 ауылдық округте, атап айтсақ, Үржар, Мақаншы, Алтыншоқы, Елтай, Жоғарғы Егінсу, Көкөзек, Қарақол, Таскескен, Бақты, Қабанбай, Қаратұма ауылдарында орналасқан медициналық мекемелерге жалпы сомасы 40 млн теңгеге жуық қаражаттың медициналық құрал-жабдықтары мен дәрі-дәрмектерін табыс етті.


Сонымен бірге «Халықтан халыққа» қайырымдылық қоры да үржарлықтарға демеушілік көрсетіп, медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектер түріндегі көмектерін беруде. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстары жалғасын табады.

Рекомендовать
Последние новости