Ұлттық жобадан ұтарымыз көп

Dalanews 25 окт. 2022 07:19 1048

Технология жоғары жылдамдықпен дамып жатқан XXI ғасырда өркениет көшіне ілесудің аса маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Осыдан ондаған, тіпті бірнеше жыл бұрын ғана мүлдем мүмкін емес секілді болып көрінген дүниелер қазіргі таңда өмірімізге дендеп еніп келеді. Күн сайын, тіпті минут сайын әлемнің бір түкпірінде қандай да бір жаңалық ашылып жатады десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан да адымдап алға жылжыған әлем көшіне ілесіп отырмасақ, шаң қауып артта қалатынымыз айдан анық. Ал артта қалған ешқандай да абыройға жеткізбейді.

Ақпараттық технология саласын дамыту мақсатында елімізде де тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде аз жұмыс істелген жоқ. Жарқын жобалардың, байыпты бастамалардың тұсауы кесілді. Бірақ... жасырып-жауып қайтейік, «игілігі мол болады» деп асыға күткен жобалардың «жолы болмай», аяқсыз қалып, су аяғы құрдымға кетті. Егер 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданбаса, саладағы мәселелер қордаланған үстіне одан бетер қордалана түсер ме еді, бәлкім.

Президент Жолдауында цифрлық технологияны дамытуды бірінші басымдық ретінде ең маңызды кешенді міндеттердің санатына жатқызды. Осылайша цифрлық индустрияны денсаулық сақтау, білім секілді негізгі салаларда дамытудың өзектілігі артып, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Бағдарлама қабылданғалы бес жылдың жүзі болды. Әрине бес жылда атқарылған жұмыстарды толық баяндап шығу мүмкін емес. Бір анығы, бес жылда бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар атқарылды. Иә, атқарылған жұмыстар аз емес. Алайда, алда тұрған міндеттер тіптен ауқымды.

Атап өтер болсақ, ел Үкіметінің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өткен жылдың қазанында қабылданған «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыру. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, жобаны 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарлануда. Қаралған қаржы көлемі 2 255 890 323 мың теңгені құрайды. Жалпы жоба 211 іс-шарадан, 44 көрсеткіштен, 226 тапсырмадан, сондай-ақ 10 негізгі бағыттан тұрады.


«Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік қызмет саласына реинжиниринг жасалып, бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен бұрынғыдай есепсіз қағаз пайдалану, қағазбастылық тыйылып, бюрократияның жолы кесілді. Ұлттық жоба 2025 жылға дейін жүзеге асатын болса, осы уақыт аралығында мемлекеттік қызметтің 5 000 бизнес-процесіне реинжиниринг жасалатын болады» дейді Бағдан Мусин.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғалы бері мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру ісі қарқынды түрде жүргізіле бастағаны белгілі. Министрдің мәлімдеуінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 94 пайызы электронды форматқа ауысқан екен. Сонымен қатар 10-ға жуық мемлекеттік қызметті ХҚКО-ға (Халыққа қызмет көрсету орталығы) бармай да алу мүмкіндігі жасалыпты. Бағдат Батырбекұлы биылғы жылдың соңына дейін мұндай қызметтердің жалпы санын 44-ке жеткізу жоспарланып отырғанын айтады.

Ұлттық жоба аясында жер қатынастары, құрылыс, ауыл шаруашылығы, отын-энергетика, білім, көлік секілді бірқатар негізгі салаларда да атап өтуге тұрарлықтай ауқымды тірліктер тындырылған. Мәселен ұлттық жоба бойынша асыраушы сала – агросекторда бірінші шілдеден бастап Субсидиялау жүйесі іске қосылыпты. Енді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өздерін толғандырған кез келген сұрақтың жауабын аталған жүйеден таба алады. Ең бастысы Субсидиялау жүйесінде шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, қолдаулар жайлы ақпараттар орналастырылған.

Ұлттық жобаның арқасында білім беру саласының да кем-кетігі бүтінделіп, ұпайы түгенделе түсуде. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзіне сүйенсек, білім беру саласын цифрландыру бағытында атқарылып жатқан кешенді жұмыстардың арқасында бүгінге дейін қолданыстағы 670 баспа оқулықтың 97 пайыздан астамы цифрлық форматқа көшірілген көрінеді. 2022 жылдың соңына дейін 100 пайыз цифрландырылады деп күтілуде.

«Ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асатын «Ғылым» бағыты көптеген оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі таңда Қазақстан бойынша ғалым-зерттеушілердің жалпы саны 21,6 мың болса, 2025 жылға дейін 1,5 есеге көбейту көзделуде. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ғылым-білім саласына қолдауының арқасында ғалымдардың еңбекақысы 2 есеге өсті. Алдағы уақытта да еліміздің болашағы саналатын жас ғалымдарды қолдау шаралары жалғаса беретін болады.

Биыл «Жас ғалым» жобасы арқылы 1037 грант бөлінсе, келешекте жыл сайын жас ғалымдарымыздың халықаралық тағылымдамалардан өтуі үшін 500 грант бөлінбек. Өткен жылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі білімі мен ғылымы дамыған елдердегі ғылыми орталықтарда 400 ғалымымыз тәжірибе алмасып келді. Мұның барлығы жас ғалымдарды ынталандыру, қолдау, талантын шыңдау үшін істеліп жатқан жұмыстар», дейді Саясат Нұрбек.

Осылайша «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бірқатар саланың серпінді дамуына жол ашуда. Әсіресе білім және ғылым, жер қатынастары, әлеуметтік салаларда аз уақытта-ақ ауқымды жұмыстар атқарылғанын жоғарыда біз келтірген деректерден-ақ аңғаруға болады. Біздің жазбағанымыз, қамтымағанымыз қаншама?!


Иә, қазіргі цифрлы дәуір жайбасарлықты кешірмейді. Бабаларымызша сауын айтып ел жиятын немесе үшбу хат жөнелтіп, пошташының жолын тосып жүретін кезең әлдеқашан келмеске кеткен. Сіз бен біз ақпараттық технологияның дәуірлеп тұрған ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Егер уақыттың ағысымен бірге жүзіп, дәуірдің тынысын сезіне алсақ қана өркениет көшін бастаған көшбасшы елдердің қатарынан табыла аламыз.

Қалай десек те ең бастысы сең қозғалып, ақпараттық технология саласының тамырына қан жүгірді. Алдағы уақытта «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы және саланы дамыту мақсатында қолға алынған басқа да баянды бастамалар тиімді жүзеге асып жатса, ұтарымыз көп болмақ.

Рекомендовать
Последние новости