Түркістандық шаруалар кооперативке бірігудің тиімділігі жоғары екенін түсінді

Dalanews 29 сент. 2023 09:21 971

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында жергілікті шаруаларға «Ауыл аманаты» бағдарламасын кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы орайда, Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округінде ауылшаруашылық саласына байланысты көшпелі семинар кеңес өтті.

Жиында аудан әкімі Азат Оралбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жекелеген азаматтардың кооперативке бірігуінің тиімділігін айтып өтті.

– Қазіргі таңда шаруаларға кооперативке бірігу тиімді болып отыр. Ұжымдастыруға 27 млн теңгеге дейін қолдау көрсетілуде. Аталған қаржы ұжымның техникалық базасын нығайтуға, техниакаларын жаңартуға жұмсалады. Жекелеген шаруалар кепілге қойылған мүлік арқылы 8 млн теңгеге дейін көмек алып, мал азығымен қамтамасыз ететін коператив төңірегіне топтаса алады.

Ауданымызда «Ауыл аманаты» бағдарламасы мал шаруашылығында – сүт өндірісі бағытында, өсімдік шаруашылығында – жылыжай бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бөржар ауылында шаруалар құс, мал шаруашылығы бойынша аталған бағдарламаға қатыса алады, –  деді аудан басшысы.

Ордабасы – аграрлы аудан. Дихандар биыл 71 553,5 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда егіс көлемі 2 000,5 гектарға ұлғайды.


Солардың бірі – «Жақсылық» шаруа қожалығы 300 гектар алқапқа егілген жүгеріден маусымында 10 мың тонна сүрлемдік жүгері дайындауда. Шаруа қожалықтың тұтынушысы ірі кәсіпорындар. Сүрлемдік жүгері дақылының сүтті бағыттағы ірі қара малдың сүтінің өнімділігі мен майлылығына әсері зор.

Айта кетейік, аталған пилоттық жоба ауданға қарасты Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан ауыл округі енгізіліп, 8 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кооператив мүшелері белгіленген 6 бағытта да несие алуға мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда «Ырыс» МҚҰ ЖШС арқылы 259 өтінім қабылданып, 1 млрд 158 млн теңге болатын 185 өтінім мақұлданған. Оның ішінде, 124 жоба 723 млн 050 мың теңгеге қаржыландырылған. Қаржыландырылған 124 жобаның 107-сі мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жобалар.

Рекомендовать
Последние новости