Беларусьтен келген туристер Түркістан облысында полиция қызметкерлері өздерінен 200 мың теңге талап еткенін мәлімдеді. Олар болған жағдайды видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Оқиға туристік сапар кезінде болған. Беларусь азаматтарын патрульдік полиция тоқтатып, оларды көліктері Қазақстанда техникалық тексерістен өтпеген және бейнебақылау камераларына түскен деген сылтаумен айыптаған. Туристердің қатарында танымал блогер Александр Гулько да болған. Оның айтуынша, олар жол ережесін бұзбағандарын айтқан, алайда тәртіп сақшылары бұған нақты дәлел келтірмеген. Полицейлер ақша берсе, қайтадан тоқтатпаймыз деп уәде еткен.
– Қазақстанға алғаш келгенде «мұндағы жол полициясы оңайлықпен жібермейді» деген ескерту алғанбыз. Бізді тоқтатқан соң, «не 200 мың теңге бересіңдер, не көлікті тәркілейміз» деді. Қарсылық танытпадық, ақшаны беріп, әрі қарай жүріп кеттік, – дейді блогер.
Ішкі істер министрлігі бұл жайтқа қатысты видеоны әлеуметтік желілерден көргенін растады. Қазіргі таңда бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаға қатысы бар полиция бөлімі басшылығына қызметтік тексеріс басталған.
Ресми мәлімдемеде туристер тарапынан әзірге ешқандай ресми шағым түспегені және көлікке қатысты тіркеу деректері анықталмағаны атап өтілді.