Трамп пен Зеленский АҚШ-тың Флорида штатында кездесті

Көркем Алдабергенова 29 дек. 2025 09:05

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні Флорида штатына келіп, АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Кездесуде Ресеймен қақтығысты тоқтату жоспары талқыланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Трамптың Мар-а-Лаго резиденциясында бір-бірімен амандасқаннан кейін, келіссөздер басталар алдында журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Трамп «келісімге келуге барлық алғышарт бар» екенін айтып, Ресей мен Украина да берік әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға өте байыпты ниетті екенін мәлімдеді.

Зеленский кездесу 20 тармақтан тұратын жоспарды ілгерілетуге арналғанын айтты. Сондай-ақ ол аумақтық ымыралар мәселесі де талқыланатынын атап өтті.

Кездесуден кейін тараптар еуропалық көшбасшылармен телефон арқылы сөйлеседі деп күтілуде. Сонымен қатар Трамп келіссөздерді жалғастыру үшін Ресей президенті Владимир Путинге де қоңырау шалатынын жеткізді.

Журналистерге Мар-а-Лагода өтіп жатқан екіжақты кездесудің залына қысқа уақытқа кіруге рұқсат берілді.

Бұл кездесу Трамп өткен айда алғаш ұсынған 28 тармақтан тұратын бастапқы бейбітшілік жоспарындағы олқылықтарды жоюға бағытталған. Кейін Украина бұл құжатты қайта қарап, 20 тармаққа дейін қысқартқан. Қазіргі уақытта америкалық өкілдер Украина мен Ресей де келісуге болатын бейбіт келісімді түпкілікті әзірлеу үшін қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.


Рекомендовать
Последние новости