Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Байқоңыр" ғарыш айлағының 70 жылдығына орай видеоүндеу жолдап, барша қазақстандықты, сала мамандарын және ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"1957 жылы дәл осы арадан жасанды Жер серігі ұшырылып, ғарышты игеру дәуірі басталды. Көп ұзамай, 1961 жылы айлақтан тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин көк жүзіне аттанды. Бұл тарихи оқиға жаһан жұртшылығын біріктіріп, адамзаттың ғылым мен өркениет прогресіне деген сенімін нығайтты. Содан бері Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған миссия орындалды. Мұнда көрнекті ғалымдар, конструкторлар мен инженерлер жұмыс істеді. Ұлы жетістіктердің бастауында тұрған барлық маманға шексіз ризашылығымды білдіремін", - деді ол.
Президент Байқоңырдан мыңдаған Жер серігі ұшырылып, ондаған маңызды миссия жүзеге асқанын, мұнда аса көрнекті ғалымдар мен инженерлер еңбек еткенін атап өтті. Сонымен қатар, Тоқаев Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов сияқты қазақ ғарышкерлерінің есімін ерекше атады.
"Еліміз халықаралық ғарышты игеру ісінің белсенді мүшесі саналады. "Байқоңыр" айлағы – Қазақстан мен Ресейдің достыққа, тату көршілікке және өзара түсіністікке негізделген ұзақмерзімді стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі.
Соңғы онжылдықтарда Қазақстан ұлттық экономиканың дамуына ықпал ететін бірқатар ауқымды ғарыш жобаларын іске асырды. Еліміз Байқоңырды халықаралық ынтымақтастықтың, ғылым мен білімнің және туризмнің орталығына айналдыруға ұмтылады. Ғарыш қызметінің жаңа нарықтарына шығу, жас инженерлердің, конструкторлар мен ғалымдардың әлеуетін арттыру жарқын болашаққа жол ашады", - деді ол.
Мемлекет басшысы Байқоңыр қаласының тұрғындарына да алғыс білдіріп, олардың бұл саладағы табанды еңбегін жоғары бағалады. Президент алдағы уақытта Байқоңырдың озық инновациялардың орталығы болатынына сенім білдірді.
"Осы орайлы сәтті пайдаланып, Байқоңыр қаласының тұрғындарына айрықша алғыс айтқым келеді. Сіздер табанды еңбек етіп, ғарышты зерттеу ісінің ізашарларынан қалған мол мұраны мұқият сақтап келесіздер. Бұл – зор құрметке лайық. Ғарыш саласы бүкіл адамзатты әрдайым ортақ мақсатқа жұмылдырып, жаңашылдық пен ғылыми-техникалық прогреске бастайды. Байқоңыр алдағы уақытта да ұлы жаңалықтар мен озық инновациялардың қайнар көзі бола береді деп сенемін!", - деді Президент.