Тендерден тендерге үзіліп-созылып жететін компаниялармен қуатты ел бола алмаймыз

Dalanews 17 мая 2016 23:12 831

Қазақстанда бизнесті қолдауға қатысты мемлекет тарапынан қомақты қаржы ресурстары бөлінетінін білеміз. Бірақ елімізде шағын және орта бизнес соншалықты дамып кеткенін көріп отырған жоқпыз. Иә, бизнесті қаржылай қолдау қажет. Бірақ кез-келген компания белгілі уақыттан соң аяққа тұрып, отандық экономиканы алға сүйрейтін күшке айналуы тиіс. Бұл – дамудың заңдылығы. Өкінішке қарай, біздің отандық компаниялардың ұзақ уақыттан кейін «есейіп кеткенін» байқамадық. Биыл Қазақстанның тәуелсіздікке ие болып, нарықтық экономикаға көшкеніне 25 жыл. Осы уақыт аралығында елімізде заманауи бизнес талаптарына жауап беретін, экономикалық интеграцияға бейім бизнес құрылымдар қалыптасты деп кесіп айта алмаймыз.

dalanews.jpg014Ақиқатын айтсақ, біздегі ірі компаниялардың көпшілігі қазба байлықты игеріп, болмаса мемлекеттік сатып алуға арқа сүйеп өмір сүретіні жасырын емес. Егер мемлекет мемлекеттік сатып алуларды күрт төмендетсе, кәсіпорындарымыз бәсекеге толы нарықта бір күнде жұмыс істей алмай қалуы мүмкін. Иә, бұл ащы да болса шындық. Енді не істеуіміз керек? Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?

Қазіргі таңда жекелеген компаниялардың жетекшілері бизнесті басқаруды жетік меңгермеген. Заман талабына сай бизнесті басқарудағы заманауи трендтерді білмейді. Сондықтан өздерін кәсіпкер санайтын басшылар тамыр-таныстыққа, мемлекеттік қолдауына арқа сүйейтіні жасырын емес.

Қазіргі таңда білдей басшы тұрмақ, қарапайым қызметкердің өзі біліктілігін көтермесе, керексіз маман болып қалуы мүмкін. Сондықтан еліміздегі компаниялардың басшыларын Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарындағы МВА бағдарламасы бойынша біліктілігін жетілдірудің маңызы күн санап артып келеді.

Аталған бағдарлама бойынша біліктілігін шыңдауға күш салған маман бірінші кезекте қандайда бір бизнес құрылымда жауапты қызметті атқаруы тиіс. МВА бағдарламасы – заманауи білім мен озық іс-тәжірибені үйлестірген бірден-бір жүйе.

Инновациялық дамуға бет бұрған батыстың компаниялары басшылық құрылымда жұмыс істейтін қызметкерлерінің бұл бағдарламасы бойынша біліктілігін көтеріп, кәсіпорындарының жұмысын дамытуға күш салып жатыр.

Әлемде қаржы дағдарысы шарпығалы бері елімізге сырттан келетін инвестицияның көлемі күрт төмендегені жасырын емес. Иә, инвестицияның төмендеуіне бірінші кезекте ғаламдық қаржы дағдарысы әсер еткенін мойындаймыз. Бірақ бұл жалғыз фактор емес. Қазіргі таңда еліміздегі ірі компаниялар экономикалық интеграцияға бейім емес. Компания басшыларының сырт елден инвестиция тартатындай біліктілігі жоқ. Егер еліміздегі компания басшылары халықаралық деңгейде әрекет ететін деңгейде білікті болса, еш қиындықсыз сырт елдерден инвестиция тартар еді.dalanews 01

МВА курсын тәмамдаған басшы бірінші кезекте, бизнесті басқарудың заманауи трендтерін үйренеді. Олар бизнесті басқарудың маркетингі, тәуекелі, халықаралық сауда және корпоративтік стратегия құруға машықтанады. МВА бағдарламасының басты құндылығы – дүниежүзінің әр тарапынан жиналған бизнесті дамытуға мүдделес жандар өздерінің іс-тәжірибелерін ортаға салып, тығырықтан шығудың тиімді жолын бірлесіп іздеуге ықпал ететінінде.

Осылайша аз ғана уақыттың ішінде компания үміт артқан менеджерлер инвестиция тартудың, қарапайым қызметкерлермен жұмыс істеудің озық үлгісін, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жайында жан-жақты білім алып, компания жұмысын оң бағытта ұйымдастыруға мүмкіндік алатын болады.

Қазір Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді қатысушысы, Еуразиялық одақтың толыққанды мүшесіне айналып отыр. Мұндай жағдайда қазақстандық компаниялар өзге елдердің бизнес құрылымдарымен бәсекелестік жағдайда жұмыс істеп, Қазақстан экономикасын дамытуы керек. Бұл үшін компанияның жетекші менеджерлері бизнесті басқарудың заманауи жетістіктерін толықтай меңгеруі шарт.

Сондықтан ел Үкіметі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына қарайтын ұлттық компания менеджерлерінің МВА бағдарламасы бойынша біліктілігін шыңдауға баса мән беруі керек. Бұдан басқа MBA бағдарламасының маңыздылығын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да еліміздегі кәсіпкерлер арасында кеңінен насихаттауы қажет.

Елімізде бизнесті басқарудың заманауи трендтерін меңгерген басшылар көбейген жағдайда отандық компаниялар мемлекеттік сатып алуларға қарап, ауыз ашып отырмайды. Олар өзге елдердегі әріптестерімен байланыс орнатып, инвестиция тартып, компания жұмысын жандандыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Егер Қазақстанның трансұлттық компанияларын қалыптастырғымыз келсе, кез келген компанияның басшылықтағы менеджерлерінің біліктілігін шыңдауға күш салуымыз керек.

Жарбол КЕНТҰЛЫ






Рекомендовать
Последние новости