Таиланд пен Камбоджа шекаралық қақтығыс аймағында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы Thai PBC жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мәліметке сәйкес, үш күнге созылған күрделі келіссөздер Чантабури провинциясындағы Понг Нам Рон ауданында орналасқан Бан Паккад көші-қон кеңсесінде өтті. Нәтижесінде екі елдің Бас шекаралық комитеттері алғашқы атысты тоқтату режимінің шарттарын келісіп, ол 27 желтоқсанда жергілікті уақытпен сағат 12:00-де (Астана уақытымен 10:00-де) күшіне енді. Сондай-ақ Таиланд камбоджиялық 18 әскери тұтқынды босатуға міндеттеме алды.
Таиланд тарапының дереккөзі алғашқы бітім 72 сағат бойы бақылауда болатынын, ал кейінгі кез келген келісімді елдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мақұлдауы тиіс екенін мәлімдеді.
Келіссөздер барысында тараптар үшін қолайлы шарттарды пысықтау оңай болмағаны айтылды. Соған қарамастан, Жоғары татуласу кеңесі хатшылығының отырысы алтыншы келісім жобасына қол қоюмен аяқталды.
Еске салсақ, 8 желтоқсанда Камбоджа әскері тайлық Анупонг базасына оқ атқан. Бұған жауап ретінде Таиланд билігі шекара маңындағы тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіруге шақырған. Кейін қақтығыс екі елдің ортақ шекарасы бойымен өршіп, бес өңірді қамтып, жүздеген бейбіт тұрғынға әсер етті.
