Шымкент қаласында төрт перзентхана бар. Онда өткен жылы 31 455 сәби дүниеге келді. Бүгінде қаладағы екі перзентханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Орынның тапшылығына байланысты №1 аурухананың жанынан бесінші перзентхананы ашу көзделіп отыр.
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов онлайн форматта халық алдындағы есеп беру кездесуінде баяндады.
-Былтыр медициналық құрал-жабдықтарға 6 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл да материалдық-техникалық базаны нығайта түсеміз. Шымкенттің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары дайындалып жатыр. Бастапқы медициналық көмекке көп көңіл бөлетін боламыз. Бұл салаға жеке инвесторлар да келіп жатыр. Жеке емханалардан бөлек, биыл бір мың орындық заманауи аурухана құрылысын бастау жоспарланып отыр, - деді қала әкімі.