Шымкент МӨЗ авиаотынды 1,5 есе, бензинді өндіруді 3 есе ұлғайтады

Dalanews 01 окт. 2017 09:01 1018

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады. Үкімет басшысы алдымен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де болып, Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту және қайта құрастыру  жобасының іске асу барысымен танысты. Нысандарды аралау кезінде Премьер-Министр пайдалануға берілген шикізатты алдын ала гидротазалау блогы бар жеңіл бензин фракцияларын изомерлеу қондырғысынның жұмысын көріп шықты. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы Үкімет басшысына екінші кезең аясында қуаты жылына 2 млн тонна болатын мазутты және вакуумдық газойлды өңдеуге арналған RFCC каталитикалық крекинг кешеніндегі жұмыс барысы туралы баяндады.



Айта кетейік, Шымкент мұнай өңдеу зауыты биылғы жылдың маусымынан бастап Кеден одағының техникалық регламентінің талаптары бойынша К-4, К-5 экологиялық кластағы жоғары октанды бензин шығаруды қолға алған болатын. Бұл мұндағы жаңғырту жұмыстарының 1-ші кезеңінің жемісі. Енді зауыттағы жаңғыру жұмыстарының 2-ші кезеңі 2018 жылдың қыркүйегінде аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде жоғары октанды бензин өндіру көлемі жылына 652-ден 2 270 мың тоннаға дейін, дизель отыны - 1 192-ден 1 916 мың тоннаға дейін, авиаотын –  254 -тен 400 мың тоннаға дейін өседі. Зауытта жоғары октанды автобензиндерді өндіру үлесі 100% құрайтын болады. Премьер–министр зауыттағы қайта құрылымдау жұмыстарын уақтылы аяқтауға және Қазақстан нарығын жоғары сападағы моторлық отындармен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Үкімет басшысы бұдан кейін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындарды аралап көрді. Жұмысшы топ шыны бұйымдар шығаратын «Еврокристалл» зауыты болып, өндірістік процесспен және дайын өнім түрлерімен танысты. Айта кетейік, кәсіпорында түрлі қалыпта, сыйымдылығы 200 мл-ден 3 литрге дейінгі түссіз және жасыл түсті бөтелкелер мен құтылар әзірленеді. Осынау өнімдерге Қазақстанның барлық аймағы мен Қырғызстаннан тапсырыстар келіп түсуде. Жылына 200 млн дана шыны құты шығаруға қауқарлы кәсіпорында 350 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын жұмысымен таныстырған серіктестіктің бас директоры Рустам Сухов бүгінде зауыт жұмысының 95 пайызы автоматтандырылғанын және жұмыс iстеу аясын кеңейтiп, көмiрқышқыл газын өндiрудi қолға алғанын атап өтті.

Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация керамогранит өндірісімен айналысатын «Зерде-Керамика» кәсіпорнында болып, елімізде баламасы жоқ зауыттың өнім түрлерімен танысты. Кәсіпорын жыл соңында өндірістің екінші желісін іске қосып, өнім көлемін 2 миллионнан 4,5 млн шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлауда. Жоба импортты алмастыру бағытында жұмыс істейді. Мұнда экспорттың үлесі 30 пайыз болса, қалған 70 пайызы еліміздің өзге облыстарына жөнелтілуде. Өндірістегі итальяндық автоматтандырылған жүйе бар шаруаны – құрауыш шикізаттарды араластырып, дайын өнімді қаптауға дейін атқара алады. Ал техниканың қызметін 140 адам қадағалап отырады. Ал мұндағы шикізаттың 60 пайызы жергілікті болса, 40 пайызы шетелден тасымалданады.

Айта кетейік, бүгінде «Оңтүстік» индустриалды аймағында жалпы сомасы 55,8 млрд теңге болатын 85 жоба жүзеге асырылуда. Бес мың жұмыс орны ашылған. Бүгінде құны 21,4 млрд теңге болатын 46 жобасы іске қосылып, үш мың адам жұмыспен қамтылып отыр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости