"Шығу оңай, ал кіру қиын болады" – Лукашенко Пашинянға жауап берді

Қаракөз Амантай 26 февр. 2024 11:16 2423

Арменияның ҰҚШҰ-ға қатысуын тоқтату туралы мәлімдемеге Беларусь президенті Александр Лукашенко түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Біз бұған сабырлықпен қараймыз. Бұл мәселені Қазанда президенттермен талқылаған болатынбыз. Ешкім есінен алжасқан жоқ. Біз ешкімді қуып жатқанымыз жоқ. Керісінше әрдайым қолдау білдіреміз. Бұған дейін де одақтасымызды қолдап келдік және қолдай береміз. Олар ҰҚШҰ құрамында болғысы келмейді. Олардың бұл шешімінен кейін ҰҚШҰ, әрине, құламайды және ыдырап кетпейді", - деді Лукашенко.

Ол әзірге Арменияның ҰҚШҰ-дан шығатыны туралы ресми мәлімдеме болмағанын жеткізді. Сонымен қатар Арменияның ҰҚШҰ-ға мүше болу мәселесі парламентте шешілуі керек екенін де атап өтті.

"Мұнда Пашинян кіру немесе шығу туралы шешім қабылдай алмайды. Оны парламент шешеді. Менің ойымша, Армения парламентінде көпшілігі саналы адам. Бізге, ҰҚШҰ-ға қарсы наразылық болуы мүмкін емес", - деді Беларусь көшбасшысы.

Таулы Қарабақтағы Ереван мен Баку арасындағы қақтығысқа тоқталған Лукашенко Әзірбайжан ҰҚШҰ-ның мүшелері үшін бөтен мемлекет емес екенін алға тартты.

"ҰҚШҰ-да көптеген мұсылман елі бар. Мұны бәрі біледі. Соған сәйкес позиция ішінара болып келеді. Үшіншіден, армяндар Армения мен Әзірбайжан арасындағы соғысқа араласуымызды қалады ма? Мұндай жағдайда соғыс әлі де жалғасын тауып, мыңдаған адамның өліміне себепкер болатын еді», - деді Беларусь басшысы. "Өкінішке қарай, Әзербайжан мен Армения соғыс арқылы сұрақтың дұрыс шешімін тапты. Армения (олар да мойындады) Әзірбайжанның бес-алты аймағын басып алды."

"Соғысты аяқтадық. Біздің позициямыз қандай болуы керек? Иә, армяндар - жақындарымыз, қымбатты халқымыз. Ал Әзірбайжан бөтен ел ме? Осы тұста біз ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Мұнда ҰҚШ-ның қақтығысқа араласуына ешқандай себеп болған жоқ», - деді Лукашенко.

Ол тағы бір мәрте қолда барда алтынның қадірін түсінуге шақырды.

"Шығу оңай, алайда кіру қиын болады. Бұған тағы да Грузия елін мысал ретінде алайық. Ол ТМД мен басқа да құрылымдардан шығып кетті. Бұл қадам оған жақсылық әкелді ме? Әрине, жоқ. Қайтып оралғаны жөн. Бірақ қайтып келу әрқашан қиындық тудырады», - деді Беларусь президенті.

Лукашенко армяндарға асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді.

"Асықпаңыздар. Бірден шығып кетудің қажеті жоқ. Уақыт көп нәрсені өзгертеді. Осы тұста Армения мен Әзірбайжан төңірегіндегі жағдай да  өзгереді. Жалпы әлемде өзгерістер болады. Сондықтан Армения, Беларусь және т.б.шағын мемлекеттер бірден асығыс шешім қабылдамағаны жөн. Мұз жұқа болғандықтан, бірден құлаймыз. Ешкім құтқара алмайды. Керісінше, олар сол жерде тұншығып қалатындай ары қарай итеруге тырысады. Сондықтан армяндар асықпасын. Менің ойымша, Никол Воваевич жай ғана асығыстық танытып, эмоцияға беріліп мәлімдеме жасаған сияқты", - деп сөзін қорытындылады Лукашенко. 

Еске салайық, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереванның ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатқанын мәлімдеген болатын. БАҚ-қа берген сұхбатында ол Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт орындалмағанын атап өтті.

"Біздің ойымызша, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт, әсіресе, 2021-2022 жылдары орындалмады. Бұл мәселе біздің назарымыздан тыс қалмады. Біз осы шартқа қатысуды тоқтаттық. Ары қарай не болатынын көрейік", - деді Пашинян сұхбатында.


Рекомендовать
Последние новости