Күні кеше өткен әкімдік отырысында облыс басшысы мешітке жұмыс уақытында баруға болмайтындығын айтып, жұма намазын сылтауратып жеке бас шаруаларын бітіретін қызметкерлерді тәртіпке шақырды. Сондықтан облыс басшысы «Конституция принциптерін құрметтеу баршамызға міндет, зайырлы қоғамда өмір сүреміз соны ұмытпаңыздар», - деп атап өтті.
Әкім өз сөзінде «мешітке мүлде бармаңдар, діннен аулақ болыңдар», деп үгіт-насихат жүргізбеді және олай айтып тұрмағанын көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның ұққаны анық. Тек мемлекеттік қызметте ғана емес, кез-келген мекеменің ішкі тәртібінде жұмыс уақытында қызмет орнын бос қалдырып, сылтауратып кетіп қалу сынды әдеттерге шектеу қойылған.
Алайда, әлеуметтік желілер мен интернет сайттарда қоғамның әртүрлі қызу пікір-таласын тудырған осы бір жайт, журналистер қауымының да өз айтарларына жоғарғы жауапкершілікпен қарауларын ескертері анық.
Орайы келген осы тұста, облыс әкімі Д. Ахметов алғаш осы қызметке тағайындалған күні өңірдегі ең бірінші барған нысаны да облыстық мешіт болғанын айтай кетпеске болмас....
Ерлан Жакупов,
Шығыс Қазақстан облысы
әкім аппаратының баспасөз
хатшысы