Шығыс шұғыласы

Dalanews 09 апр. 2015 01:20 887

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында өңірдегі өндіріспен, халықтың әлеуметтік жағдайы, мәдени-рухани өмірімен жақынрақ танысып, көпшілікпен ой бөлісті. «Қазмырыш» компаниясының еңбек ұжымымен болған кездесуде Елбасы Өскемендегі 7 мыңнан астам металлургпен тілдесіп, пікір алмасты. Президентпен жүздесудің дәл осы сәтінде Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинатының және Павлодар қаласындағы алюминий зауытының жұмысшылары да телекөпір арқылы қосылып, пікір алмасты.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Елбасы бұл кәсіпорын индустрияның тірегі, ал өңірдің металлургиялық зауыттары мен тау-кен байыту комбинаттары Қазақстанның мақтанышы екенін атап өтті.

– «Қазмырышқа» өңірдің дамуына қатысты да зор әлеуметтік жауапкершілік жүктелген, бұл мақсатқа кәсіпорын 3 млрд теңгеге дейін қаражат бөлген. Компания есебінен медициналық орталық, балабақша, теннис орталығы, жабық бассейн, жекпе-жектер сарайы салынуда, өзге де ондаған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Елбасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары екенін де атап өтті.

– Облыста тек өткен жылы 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 3300 пәтер, 14 аурухана, 21 мектеп салынды. 360 шақырым жол жөнделді. Тағы 5 мектеп ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жалғасатын болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның аясында біздер жол, индустриялық нысандар, қолжетімді баспана салып жатырмыз. Осының бәрі сіздер үшін, әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жасалуда. Қазақстандағы инновациялық өнімдердің 20 пайызы нақ осы облыста өнідірілуі кездейсоқ емес. Өңірге салынған инвестициялар көлемі 345 млрд теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнесті қолдауға 2 млрд теңге, өндірістік инфрақұрылым құруға тағы 3 млрд теңге бөлінеді. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын іске асыруға мемлекет 11 млрд теңге бөлді, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өскемендіктерді  жаңа театрдың ашылуымен құттықтап, елдің береке-бірлігі үшін қоғамды рухани және мәдени дамытудың маңыздылығын атап өтті. «Бұл – мәдениеттің тамаша жаңа ордасы. Театр 600 орынға лайықталған, дайындық залдары, кіші залы бар. Қазақ және орыс труппаларының ойдағыдай жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Сіздерді жаңа театрдың ашылуымен құттықтаймын. Өскемендіктер осы залда актерлердің тарихымыз бен қазіргімізді айшықтайтын керемет ойынын көретініне сенімдімін», – деді.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына да барды. Елбасы музей жәдігерлерін тамашалап, Семей қаласының шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Президент Шығыс Қазақстан облысы мәдени және рухани мұраларға бай екенін, оларды сақтау мен дамыту мемлекеттік саясаттың басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

–  Шығыс Қазақстан – Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туған киелі мекен. Олардың шығармаларында терең философия тұнып жатыр. Ұлы Абай барлық ұлттар бір әулеттің балалары екенін жүз жыл бұрын айтқан. Біз бүгін елдегі достықты, тұрақтылықты нығайтудамыз. Көптеген елдер 100 жылда да жетпеген нәрсеге біз небары 23 жылда қол жеткіздік. Егер тәуелсіздік сақталмаса, ел экономикасы дамымаса және әлеуметтік мәселелер шешілмесе, халық игілікке кенелмейді. Бүгінде барлық бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұрын Семейде жылу беруге байланысты мәселе болды, 200 қазандық қаланы түтінге орайтын. Қазір бұл проблеманың бәрі шешілді. Біз Семей ГЭС-ін салу мәселесін ойластырып жатырмыз. Жалпы, Қазақстан дұрыс жолда келеді, саяси тұрақтылықты, өзара түсіністікті және достықты сақтау қажет, – деді Елбасы. Бұдан кейін Мемлекет басшысы қаладағы өңірлік онкологиялық диспансердің жұмысымен танысты.

– Бұл кешенге мемлекет 7,2 миллиард теңге бөлді, соның 4 миллиарды заманауи жабдықтар алуға арналған. Бұл – ядролық медицина элементтерін қолданатын Қазақстан үшін бірегей мекеме. Енді осы жабдықтарды халыққа кәсіби көмек көрсету үшін барынша тиімді қолдану сіздерге байланысты. Бүкіл ел бойынша денсаулық сақтау саласын дамытудың арқасында азаматтардың орташа өмір жасы соңғы он жылда 64-тен 71-ге дейін ұлғайды, – деді.

Нұрсұлтан Назарбаев Семей қаласындағы «Kondiz» ЖШС кондитерлік фабрикасында болған кезінде облыста халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті жағдайлар жасалғанына тоқталды. Атап айтсақ, соңғы жылдары өңірде әлеуметтік және спорт нысандары, баспана, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандары көптеп салынуда. Нұрсұлтан Назарбаев осы шаралар өңір экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал еткенін тілге тиек етті. Немістің заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған фабриканың өндірістік қуаты жылына 22 мың тонна кондитер өнімін шығаруға лайықталған. Кәсіпорында 119 адам жұмыспен қамтылған. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның мәдени өмірін нығайтудағы экономикалық бақуаттылықтың айрықша рөлін атап өтті. Осылайша Мемлекет басшысы Шығыстың шырайын кіргізген берекелі істерге оң бағасын берді.

 

Зейнолла Абажанов


Рекомендовать
Последние новости