Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің саны артты

Қаракөз Амантай 04 июл. 2024 19:04 5224

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қатары толықты. Аталмыш ұйымның Астанада өткен саммиті барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшылардың пайымдауынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымына қызығушылық танытатын елдер көп. Себебі  бұл тұрақты әрі болашағы бар ұйым болып тұр. Ал негізі Шанхай ынтықмақтастық ұйымының хартиясында көрсетілген бағыт-бағдарға үлес қосқысы келсе, бұл ұйым кез келген елге ашық.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни "шанхай рухы" негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналып отыр.

"ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін", – деді Қазақстан президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында.

Астанада өткен саммитқа жоғары баға берген сарапшылар, көптеген ел Қазақстаннан үлгі алу керек екенін жеткізді. Аталмыш саммит "ШЫҰ+" форматында өтті, оған 16 елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты, 33 елден 150 шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары атынан 700 журналист аккредитациядан өтті.

"ШЫҰ туралы естігенде қарапайым азаматтарымыз: "билік неге бұл шараға аса мән беріп отыр?", - деп сұрақ қоюы мүмкін. Біріншіден, Қазақстан бір жыл бойы Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Астанада өтіп жатқан ұйымға мүше-мемлекет басшыларының 24 отырысы төрағалық мерзімге нүкте қояды. "Қазақстан бір жыл ішінде қандай жұмыс атқарды?", - деген сұраққа жауап береді.

Бір жылда Қазақстан ШЫҰ-ың өзге халықаралық ұйымдармен байланысын нығайтып, оның жұмысын жан-жақты етуге ұмтылды. Әсіресе БҰҰ-мен байланыс нығайды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Астанаға келіп, ШЫҰ жиынына жеке қатысуы Қазақстанның жетістігі деуге болады.

Екіншіден, ШЫҰ еліміздің көпжақты дипломатиясының негізгі бағыттарының бірі. Ұйым Қытайдың бастамасымен құрылған. Ал Бейжің Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктесінің бірі.Үшіншіден, соңғы уақытта ұйымға мүше мемлекет аумағында террористік қауіп күшейді. Биыл Ресейде екі лаңкестік оқиға орын алды. Биылғы жиында осы мәселе қаралып, шекарааралық қауіптердің алдын алуға уағдаластық жасалатыны сөзсіз»,- дейді қазақстандық саясаттанушы Пердехан Шәмшиев.

Мамандар терроризм мен экстремизм күн тәртібінен түспейтін тақырып екенін айтады. Бұл барлық елдерде бар мәселе.

"Терроризм мен экстремизм барлық елдер үшін әрдайым күн тәртібінде болатын мәселе. Мәселен, бүгін Орталық Азияда салыстырмалы түрде тыныш болса, онда мен екі жыл бұрынғы оқиғаларды еске түсіретін едім. Немесе Қазақстан атышулы лаңкестік әрекеттерге тап болған осы ғасырдың оныншы жылының басын еске түсіруге болады. Біз Ресейге террористік қауіп төніп тұрғанын көріп отырмыз. "Крокустағы" оқиғалар мен Дағыстандағы терактілер – осы қайғылы оқиғалардың барлығы халықаралық терроризммен жалғыз күресу және оны жеңу мүмкін еместігін көрсетеді. Бұл әрекеттерді үйлестіру өте маңызды және, атап айтқанда, барлау қызметтері лаңкестік шабуылдардың алдын алу бойынша күш-жігерді үйлестіре алуы өте қажет",-деді Сhina Center атты қытайтану орталығының директоры Әділ Кәукенов.

Әлемде орын алып отырған жағдайды ескере отырып, сарапшылар Шанхай ынтымақтастық ұйымына қандай талап қойылып отырғанын айтты.

"Астанадағы саммит әлемдегі бұрын-соңды болмаған өзгерістер жағдайында өтіп жатыр. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен қақтығыстар орын алып жатыр. Сол себептен Шанхай ынтымақтастық ұйымы  оған мүше мемлекеттердің бейбітшілігі, тұрақтылығы, дамуы мен өркендеуі жолында неғұрлым тиімді ұйымдастырушылық және үйлестіруші рөл атқаруы керек және атқаруға тиіс", - деді бұқаралық құралдарына берген сұхбатында Цинхуа университетінің Ұлттық стратегия институтының сарапшысы, "Тайхэ" аналитикалық институтының аға ғылыми қызметкері Цянь Фэн.

Сонымен қатар Цянь Фэн ШЫҰ әлемдегі ең ірі аймақтық халықаралық ұйым екенін атап өтті. Ол қауымдастықтың көп жылдар бойы «Шанхай рухын» ұстанып келе жатқанын, халықаралық қатынастарды демократияландыру, көпмәдениетті төзімділік тұжырымдамалары мен қағидаттарын ұстанатынын және «теориялық және практикалық тұрғыдан халықаралық ұйымдардағы инновациялық үдерістерге ықпал ететінін» еске салды.

Өз кезегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының 24 саммитің ұйымдастырып отырған Қазақстанның басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұйымға жүктеліп отырған жауапкершілік туралы айтты.

"Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген "Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу" атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді", – деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мамандардың айтуынша, қазіргі әлемдегі геосаяси турбуленттілік жағдайында халықаралық ұйымдарға сұраныс артып отыр. Сол себептен де бұл ұйымға мүше болғысы келетіндер бар.

"Шанхай ынтымақтастық ұйымы инфрақұрылым, энергетика және логистика салаларындағы жобаларды қамтитын сауда-экономикалық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. Мысалы, Қазақстан Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны өз аумағы арқылы өтетін құрлық жолдары арқылы байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» сияқты бастамалардағы негізгі көлік-логистикалық хабтардың бірі болып табылады. Сондай-ақ ШЫҰ аясында қатысушы елдер арасында мәдени байланыстар дамып, білім алмасу мен бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға мүмкіндіктер қарастырылған.Айта кету керек, қазіргі заманғы геосаяси турбуленттілік жағдайында қауіпсіздік, екінші жағынан, экономикалық ынтымақтастық саласында белгілі бір преференцияларды қамтамасыз ете алатын халықаралық деңгейдегі ұйымдарға сұраныс артып келеді. Бұл, әрине, өте маңызды және қажет. Сондықтан ұйым кеңейіп келеді, әсіресе ШЫҰ-да қаржылық құрылымдар мен толыққанды жобаларды құру мүмкіндігі бар. Ал ұйымға деген қызығушылық өте көп",- дейді Сhina Center атты қытайтану орталығының директоры Әділ Кәукенов.


Рекомендовать
Последние новости