Сайланаған ауыл әкімі ауданға жалтақтамайды

Dalanews 25 июн. 2021 11:56 1209

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа үндеуінде ауыл әкімдерін сайлау уақыт талабы екеніне мән беріп, бұл саяси реформаны кейінге қалдыруға болмайтынын, Қазақстан демократиялық құндылықтарды орнату мақсатында ауыл әкімдерін, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін тікелей халық сайлайтын жүйеге көшу қажеттігіне тоқталды. Араға аз уақыт салып, президент бастамасымен 2021 жылдың мамыр айында барлық заңнамалық актілерді еліміздің Парламенті қабылдады. Мемлекетімізде ауыл әкімдерін сайлау үшін қажетті фундамент қаланды.

 

Сонымен биыл сайлау. Бұл сайлау Қазақстанға не береді? Артықшылығы мен рисктері қандай?

  1. Ең бірінші, ауыл әкімдерін сайлау сөзсіз еліміздің, халықтың, қоғамның саяси мәдениетін көтеретін, жергілікті әкімді сайлау процесіне тікелей қатысу арқылы халықтың Конституциялық құқығы іске асатын оң өзгеріс.

  2. Қазір әкімдерді жергілікті мәслихат бекітеді. Әкімдер аудан әкіміне бағынышты. Президент бастаған реформаға сәйкес енді әкімдерді халық өзі сайлайды. Ауыл әкімдері халықтың алдында тәуелді болады.

  3. Ауыл әкімінде салықтың 9 нысанынан түскен өз бюджеті болады. Бұрынғыдай аудан әкіміне жалтақтамайды. Республикалық бюджет трансферін күтпейді. Ауыл кеңесінің алдында есеп беріп, жергілікті тұрғындармен кеңесіп, ауылға қажетті жұмыстарды тікелей өзі шешім қабылдап іске асырады.

  4. Сайлауға түсу үшін азаматтар өзін-өзі ұсына алады. Ол үшін жергілікті сайлаушылардың 1% қолдауын алу шарт.

  5. Елімізде тіркелген саяси партиялар да өз кандидаттарын ұсына алады. Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы еліміздің ең ірі саяси күші ретінде өз кандидаттарының тізімін жасақтауға белсенді түрде кірісті.

  6. Ауыл кеңесі ақылдасып кандидаттар ұсына алады.

  7. Әкім боламын деген азаматтарға қойылар талаптар да бар. Олар:


- Қазақстан Республикасының азаматы болу.

- Жоғары білімі болу.

- Сотталмаған болу.

- Мемлекеттік қызметте 1 жыл еңбек өтілі болу немесе ауыл шаруашылығы, жеке секторда, тағы да басқа салаларда 2 жыл басшылық қызметте болған тәжірибесінің болуы.

- Елімізде 2300 ауыл әкімдері бар. Биыл еңбек өтілі аяқталатын 836 әкімді халық сайлайды. Алдағы уақытта барлық ауыл әкімдері 2023 жылға дейін еңбек өтілі аяқталысымен сайланып отырады.

Ауыл әкімдері 4 жыл мерзімге сайланады.

 

Қандай тәуекелдері бар:

  1. Рушылдық. Бұра тарту орын алуы мүмкін.

  2. Ауыл әкімдеріне халық санына орай штат саны та жеткілікті берілуі тиіс. Мысалы, солтүстік өңірде бір әкімнің басқаруында мың халық саны болуы мүмкін. Оңтүстікте бір ауылда 40 мың халқы бар елді-мекендер де бар. Ал қазіргі таңда штат саны екеуінде де 5-6 маман. Сіз 5-6 маманмен мың адамға немесе 40 мың азаматқа қызмет көрсетудің сапасын салыстырып көріңіз.


Меніңше бұл рисктерден қорқудың қажеті жоқ. Практикалық тұрғыда сайлау халықтың саяси сауатын, мәдениетін арттыратын болады. Алғашқыда бұра тартатын фактілер ішінара кездесуі мүмкін болса да уақыт өте білікті, білімді әкімдерді сайлаған көршілес ауылдардың қалай көтерілгенін көрген ел де ойлана бастайды. Түсінеді. Саяси прагматизм қоғамдық санаға қонады. Демократия осындай тәжірибемен қалыптасады негізі. Біз ауыл әкімдерін сайлайтын төменгі этаптан бастап бұл жолдан өтуіміз қажет.

Ал, әкімдерге халық санына орай штат беру мәселесі алдағы уақытта оң шешімін табуы тиіс.

Қалай дегенмен сайлаудың қалай өтетіні саяси партияларға да байланысты. Қандай кандидаттар ұсынады? Жергілікті саяси бәсекеге қалай дайындалады деген сұрақ бар. Қазір «Nur Otan» партиясы саяси науқанға жан-жақты дайындыққа көшкендігі анық. Бұл аксиома. Реализм.

Өзге саяси күштерден мұндай белсенділікті көрмей тұрмыз. Баяу қимылдау байқалады.

Жалпы ауыл әкімін сайлау бұл бірінші саты. 2024 жылдан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Кейін кенттер мен қала әкімдерін, түбі облыс әкімдерін сайлайтын нүктеге де келеміз. Бұл демократия мен бәсекелі саяси жүйені орнатудың Қазақстандық жолы. Прагматикалық тұрғыда таразы басына салынған, стратегиялық есептелген, сатылап өзгеруді іске асыратын президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған тура жол. Мемлекеттік мүддені қорғаған, халықтың үніне құлақ асқан, қоғамның қалауын іске асыруға көшкен біздің жол. Лайым сәтті әрі ел үшін берекелі жол болсын. Біз қуатты, өркениетті Қазақстанды бірге орнатамыз!

Бауыржан СЕРІКБАЕВ, блогер

Рекомендовать
Последние новости