Сарапшы Айбар Олжаев Қытай салатын АЭС-ті "Ертіс" деп атауды ұсынды

Кәмшат Тілеухан 16 июн. 2025 15:32

"Ертіс" атом электр стансасы. Қазақстан Қытай АЭС-ін Курчатов аумағына қоятынына еш күмән жоқ. Онда Абай облысы өзінің ядролық статусына қайта оралатын болады. Ал қытайдың екі HPR-1000 реакторынан құрылған АЭС Ертістің сол жағасында, Курчатов қаласының аумағында болмақ". Сарапшы Айбар Олжаевтың екінші АЭС-қа қатысты пікір білдіріп, желіде жазған жазбасы осылай басталады. Яғни, ол қытайлар салатын АЭС-ті Ертіс деп атауды ұсынады,деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Курчатов – Қазақстанның атом орталығы. Мұнда термоядерлық Токомак тәжірибелік құрылғысы жұмыс істейді. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы осы Курчатовта орналасқан. Ядролық технологиялар паркі бірнеше өнім шығаруда. Сондықтан суы мол Ертіс бойындағы Курчатов атом электр станциясының құрылысына ең лайықты орын. Осымен Қазақстанда "Балқаш" және "Ертіс" атты екі АЭС болады. Бұл атаулары өздеріне жарасымды сияқты. Шынымен де солай аталса, онда қазақ атом электр станцияларының атауларын бірінші қойған адам ретінде тарихта қаламын", деп жазады ол.
 
Оның айтуынша, қарастырып отырған "Ертіс" АЭС-інде екі реактор қойылады.
"HPR–1000 реакторы аты көрсетіп тұрғандай 1 мың мегаватт электр қуатын береді. Мұндай екі реактор жылына 15-16 мың киловатт-сағат электр қуатын өндірмек. Бұл қазір үлкен электр дефицитін бастап кешіп отырған Өскеменнің барлық қажеттілігін жабады және жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүмкіндік бермек", - дейді Олжаев.
 
Сондай-ақ сарапшы осы АЭС-тің болашағы бүгін Қазақстан мен Қытай басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзинпинь арасында сөз болары анық екенін айтады. Ал егер бір нақты құжатқа қол қойылып жатса, онда Қытай тарапы экспорттық кредиттің негізгі параметрлерімен келіскенін білдіреді.
 
"Менің ойымша, "Ертіс" атом электр станциясының құрылысы "Балқаш" АЭС-іне қарағанда тезірек аяқталады. Сондықтан біздің тұңғыш АЭС-іміз осы Ертіс болуы ғажап емес. Себебі Қытайдың алып құрылыстарды шемішкеше шағып үйренгенін жақсы білеміз. Және Курчатов Қытайға жақын. Біз Бақты-Аягөз теміржол құрылысын тез салып бітірсек, Қытай тіке теміржолмен АЭС құрылғыларын таси береді. Соңғы жылдары Қазақстан Қытаймен өте мықты энергетикалық байланыс орнатты. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қытай бағытына 11,2 миллион тонна мұнай жібердік. Оның ішінде 10 млн тоннасы Ресей мұнайы. Қалғанын өзімізден. Мұнай логистикасында, тасымалында үлкен рөл ойнап отырмыз. 2024 жылы Бакуде қазақ пен қытай тараптары жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалар бойынша нақты келісім жасаған еді. Қазіргі таңда бізде Қытаймен бірлескен 18 жел және күн станциялары жұмыс істейді. Олардың ортақ қуаты 1000 мегаватқа жетіп қалды. Бір сөзбен, жарты АЭС болып тұр. Қазақстан Қытай АЭС-терінің негізгі серіктесі. Біз Үлбі зауытында бірлескен кәсіпорын ашқанбыз. Сол арқылы көршіге уран таблеткаларын сатамыз. Жылына 200 тонна таблетка беріп, Қытайдағы барлық АЭС-терді қоректендіреміз" деп сөзін түйіндейді ол.
Айта кетсек, бүгіндері Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапармен Қазақстанда жүргені белгілі

Рекомендовать
Последние новости