"Растайтын ресми дерек жоқ": СІМ Қазақстан арқылы Ресейге дрон жеткізілді деген ақпаратқа пікір білдірді

Көркем Алдабергенова 02 июн. 2025 19:02

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украина дрондары Ресейге Қазақстан аумағы арқылы жеткізілді деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрлік өкілі Айбек Смадияров бұл мәліметтерді растауға негіз жоғын атап өтті.

"Мен әскери сарапшы емеспін. Иә, бүгін таңертең бұл хабарламаларды көрдім. Оны көбіне анонимді Telegram-арналар таратып жатыр. Бұл ақпаратты растайтын ресми дерек жоқ. Сондықтан мен оны не растай алмаймын, не жоққа шығара алмаймын. Мұны әскери сарапшылардың болжамы ретінде қарастырған дұрыс", – деді СІМ өкілі.

Айта кетейік, жексенбі күні украиналық дрондар Ресейдің бірнеше әскери аэродромына шабуыл жасап, салдарынан 40-тан астам әскери әуе кемесі зақымданған. Бұл туралы Украина Қауіпсіздік қызметіндегі дереккөзге сілтеме жасаған бірқатар шетелдік БАҚ хабарлады. Аталған шабуыл Ресейдің Украинаға басып кіргелі бергі ең ірі дрон соққысы ретінде сипатталды.

Зақымданған ұшақтардың қатарында стратегиялық маңызы бар А-50, Ту-95 және Ту-22М3 үлгілері де бар екені айтылды.

Ресей Қорғаныс министрлігі шабуыл фактісін растады. Ведомствоның ресми хабарлауынша, Иркутск және Мурманск облыстарында орналасқан әскери аэродромдар FPV-дрондардың соққысына ұшырап, бірнеше әуе техникасы өртенген. Дегенмен нақты қанша ұшақтың істен шыққаны көрсетілмеген.

Бұдан бөлек, шабуылдар Ресейдің тағы үш аймағын қамтыған: Иваново, Рязань және Амур облыстары. Қорғаныс министрлігі бұл өңірлердегі дрон соққыларының сәтті тойтарылғанын, зардап шеккен техника жоқ екенін мәлімдеді.

Ведомство бұл әрекеттерді «Киев режимінің терактісі» деп бағалады.


Рекомендовать
Последние новости