Қытайлық төраға Си Цзиньпиннің Астанаға сапары әлем назарында

Көркем Алдабергенова 04 июл. 2024 12:35 3209

Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды. Негізгі шара бүгін, 4 шілдеде өтуде. Ал ең алғашқы күні ақпараттық алаңда қытайлық тарап көзден түспеді. Шетелдік Deutsche Welle басылымы Астанада өтіп жатқан саммитке сараптама жасаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин бастаған қытайлық делегация төрт Boeing әуелайнерімен келген. Қытай тарапы Астанаға ШЫҰ-ға мүше өзге елдерден ертерек келді. Си Цзиньпинді Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі әуежайдан күтіп алған болатын. 

"Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналған - өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 41 млрд долларға жеткен (салыстырмалы түрде 2023 жылы Ресей мен Қазақстанның тауар айналымы 30 млрд доллар болған), ал Қазақстанытай достығы бұрынғыдан да нығая түскен. "Біздің Қытаймен қарым-қатынасымыз тату көршілік, достық және жан-жақты стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген. Біз оларды екі елдің ортақ құндылықтары мен біртұтас ұстанымы ретінде қарастыратынымызды атап өткім келеді", - деді Қазақстан Президенті Тоқаев Астанада өткен БАҚ брифингінде" деп жазылған Deutsche Welle материалында.

Басылым Си Цзиньпин Қазақстан билігінің Аспан асты елімен барынша сауда-экономикалық, тіпті саяси жақындасуға ұмтылуын қолдайтынын атап өткен.

"Біз "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында тиімді өзара іс-қимылды жүзеге асыратын боламыз. Жаңа мақсат қойылды-тауар айналымын қысқа мерзімде екі есеге арттыру, сауда - экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша Жол картасын белсенді түрде іске асыратын боламыз, Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз", - деп атап өтті ҚХР төрағасы.

Жалпы қытайлық басшы Астанада "сұранысқа ие" болған. Себебі алғашқы күні елге келген соң президент Тоқаевпен кездескеннен кейін ол Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен,Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен және Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

3 шілдеде кешкі уақытта Си Цзиньпин РФ басшысы Владимир Путинмен кездесуге уақыт тапқан. 

"Астанадағы саммит Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының биылғы маңызды оқиғасы болмақ. ШЫҰ-ны нығайту тақырыбында сіздермен және басқа да әріптестерімізбен ең жан-жақты әңгіме өткізуге дайын" деді Си Цзиньпин Путинмен кездесуде. 

Шетелдік БАҚ Астанадағы саммитке БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериштің де келуіне назар аударған. Ол қытайлық басшымен де кездесуі мүмкін. 


Рекомендовать
Последние новости