ҚазҰПУ студенттері «Ізгілік елшісі» жобасын жүзеге асыруды бастады

Dalanews 08 окт. 2019 08:43 881

Таяуда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірлескен «Ізгілік елшісі» жобасының тұсаукесері болып өтті.

Жобаның презентациясына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Қайрат Сүнтаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері, университеттің басшылары, журналистер мен «Ізгілік елшісі» жобасының еріктілері қатысты.

«Ізгілік елшісі» – бұл студенттерден құралған еріктілер тобы кіретін, азаматтық қоғамның белсенділігін арттыруға, жастарды еріктілікке тартуға көмектесетін жоба.

Жобаның мақсаты – адамгершілік пен жанашырлықты дамыту, жас ұрпақты сыйластыққа, жауапкершілікке, адалдыққа тәрбиелеу.

Ректор Такир Балықбаев жобаның маңыздылығына  тоқтала келіп, жастарды көмекке мұқтаж жандарға – көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына көмек көрсетуге тарту екенін атап өтті.


– Университет ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласындағы департаментімен бірлесіп жаңа жобаны бастады. Негізгі идея – жастарды мейірімділікке, әдептілікке, қайырымдылық көмекке шақыру. Біз мұндай құндылықтар туралы тек сабақтарда ғана емес, нақты іс-әрекеттерімізбен де көрсетуіміз керек. Жоба көмекке мұқтаж адамдар мен жақсылық жасағысы келетіндер арасында байланыс қызметін атқарады. Біздің мақсатымыз – көп балалы отбасыларға және ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға көмектесу. Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен қызметкерлері алғашқы күндердің өзінде 18 отбасына көмек көрсетті, – деді ректор. Ректордың айтуынша, университетте жоба мұқтаж отбасылар туралы мәліметтер базасы құрылған.

Жобаның үйлестірушісі, Сорбонна-Қазақстан институтының  қосалқы директоры Айнұр Сәбитова жоба қызметінің барысы мен болашақ жоспарлары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ректор Такир Балықбаевқа, жобаны ұйымдастырушыларға және еріктілерге мұқтаж жандарға көмек көрсеткені үшін алғыс айтты. Жоба жұмысына сәттілік тілей отырып, ол мемлекеттік органдар мен мекемелердің барлық қызметтері ашық және айқын болуы керек екенін атап өтті. Алик Шпекбаев болашақта жобаның елдің барлық аймақтарында жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

– Маған бұл идея өте ұнады. Менің ойымша, бұл жастар үшін үлкен іс. Сіздердің студенттеріңіз бірінші болып осындай игілікті істерді бастағанына қуаныштымын. Мұқтаж отбасыларға көмектесіп жатқандарыңыз мақтауға тұрарлық. Біз өз тарапымыздан әрқашан Сіздерді қолдаймыз, – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев.

Басқосудан кейін Алик Шпекбаев  «Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысып, «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық жобасы аясында жұмыс жасайтын жобалық кеңсе – «Парасат» орталығының ашылуына қатысты.



Римма ЖАНБАЕВА

Рекомендовать
Последние новости