Қазіргі дамыған заманда қауіпсіздік жүйесі уақыттан оза қимылдауының маңызы зор. Өйткені табиғи апаттар мен өндірістік апаттар жиілеп, жаңа технологиялар жылдам дамып жатқан дәуірде халықтың қауіпсіздігі ескі құрал-жабдықтармен немесе баяғы жүйемен қамтамасыз етіле алмайды. Әсіресе ауыл-аймақтарда өрт, су тасқыны немесе жол апаты бола қалса, құтқарушылардың бір-бірімен тез әрі сенімді байланыс орнатуы өмір мен өлімнің ара-жігін шешетін сәттер болады. Осындай жағдайда цифрлық радиобайланыс жүйесінің енгізілуі азаматтық қорғауды мүлде жаңа деңгейге көтеріп отыр.
2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда төтенше жағдайлар жүйесінде ведомствоаралық жаңа радиобайланыс желісі іске қосылды. Бұл – бұрынғы шашыраңқы, әр мекеме өз алдына жұмыс істейтін жүйеден біртұтас байланысқа көшу. Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның радиобайланыс арналары біріктіріліп, бірыңғай платформа құрылды.
Мұндай тәжірибе ТМД аумағында жоқ, демек Қазақстан аймақтағы технологиялық көшбасшылыққа ұмтылып отырғанын аңғаруға болады. Жаңа жүйенің алғашқы толқыны Павлодар мен Түркістанда іске қосылды. Бұл өңірлер ел картасында сынақ алаңы емес, нақты нәтижесін көрсеткен аймақтарға айналды. Артынша Шымкент, Абай, Қызылорда, Петропавл, Ақтау секілді қалаларға да жаңа станциялар орнату жоспарланып отыр.
Бұрын түрлі ведомстволар апат орнына келгенде бір-бірімен байланыса алмай, уақыт жоғалтатын. Бір жүйеде сөйлеспеген соң, ақпарат жеткізу кешеуілдейтін, шешім қабылдау баяулайтын. Ал жаңа радиобайланыс бұл кедергіні жойып, әр қызметтің әрекетін бір арнаға тоғыстырады. Мәселен, өрт шыққанда полиция жолды жауып, жедел жәрдем зардап шеккендерді алып шыққанда, құтқарушылар тікелей эфирде өзара ақылдасып, нақты қадамды бірден жасай алады.
Қазіргі таңда 1141 портативті радиостанция, 67 мобильді және 24 стационарлық құрылғы, сондай-ақ 35 спутниктік телефон мен 22 дрон сатып алынбақ. Әрбір радиостанция – құтқарушының қолындағы сенімді құрал, әрбір дрон – алыстағы жағдайды көзбен көруге мүмкіндік беретін «ұшқышсыз серік». Ал спутниктік телефондар шалғай ауылдардағы байланысты қамтамасыз етіп, кез келген апат жағдайында ақпарат алмасуды үздіксіз етеді. Бұған қоса, PTT үлкен кнопкасы бар гарнитуралар құтқарушыларға алаң үстінде қолын босатпай-ақ сөйлесуге жағдай жасайды.
Технологияның тиімділігі тек құрал санына емес, оның сенімділігі мен қолжетімділігіне байланысты. Сол үшін базалық станциялар елдің әр өңірінде жүйелі орналастырылуда. Алматыдан Қостанайға, Түркістаннан Көкшетауға дейінгі аралықта жаңа станциялар орнатылады. Ақтөбеде монтаждау жұмыстары басталып та кетті. Бұл – байланыстың үздіксіздігін қамтамасыз етіп, ең шалғай ауылдағы құтқарушыны да біртұтас жүйеге қосуға мүмкіндік береді.
Саяси тұрғыдан алғанда, мұндай жобалар мемлекеттің өз азаматтарына деген жауапкершілігін күшейтеді. Төтенше жағдайлар кезінде халық билікке сенім артады, ал биліктің міндеті – сол сенімді ақтау. Ашық деректерге сүйенсек, жаңа радиобайланыс жүйесі енгізілгеннен кейін төтенше оқиғаларға ден қою уақыты орта есеппен 20-30 пайызға қысқарады деп күтілуде.
Кеңес дәуірінен бері қалыптасқан ескі жүйеден бас тартып, заманауи технологияға көшу – Қазақстанның стратегиялық таңдауы. Бұл тек құтқару қызметінің мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар қадам. Өйткені табиғи апаттар, өндірістік жарылыстар немесе тіпті геосаяси тәуекелдер кезінде біртұтас байланыс жүйесінің болуы мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Сандық радиобайланыс – жай ғана техникалық жетістік емес, ол хаос пен тәртіптің арасындағы нәзік шекараны ұстап тұратын құрал. Қазіргі заманның болжаусыз сын-қатерлерінде сенімді байланыс жүйесі – құтқарушылар үшін бағыт-бағдар, халық үшін тыныштық кепілі. Ендеше бұл жобаның дамуы – елдің төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттырумен бірге, қоғамдағы сенім мен қауіпсіздікті нығайтудың нақты қадамы.