2025 жылы қазақстандықтардың 48%-ы жұмыс орнын ауыстыруды жоспарлап отыр. Бұл HeadHunter жүргізген сауалнама нәтижесінде белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жұмыс орнын өзгертуге ниетті қызметкерлердің ең көп үлесі мына салаларда байқалған:
- өндіріс пен ауыл шаруашылығы – 63%;
- көлік және логистика – 59%;
- сауда және сату – 55%.
Ал қызметкерлердің жұмыстан шығуына итермелейтін негізгі себептер:
- төмен жалақы деңгейі – 67%;
- мансаптық өсу мүмкіндігінің шектеулі болуы – 45%;
- ауыр жұмыс жағдайы мен шамадан тыс жұмыс істеу – 38%.
Сауалнамаға қатысқандардың әр сегізіншісі (12%) Қазақстанның басқа өңіріне көшуді қарастырып отыр. Негізгі қызығушылықтары — Астана мен Алматы қаласы.
“Сондай-ақ респонденттердің 20%-ы жаңа мамандықты меңгеруді жоспарлайды. Олардың ішінде ең танымал бағыт – IT саласы. Бұл тренд әсіресе әйелдер арасында жиі байқалады: 2022 жылы әйелдердің тек 18%-ы цифрлық салаға ауысқысы келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 24%-ға дейін өскен”, — деп атап өтті зерттеушілер.
Айта кетейік, бұған дейін MediaNet Халықаралық журналистика орталығының DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің эспресс-мониториң бюросы қазақстандықтар арасында қызық сауалнама жүргізген болатын. 13-24 қараша аралығында жүргізілген сауалнама тақырыбы - "Қазақстандықтардың шетелге кеткен білікті мамандар туралы ойы". Сауалнама нәтижесінде әр бесінші қазақстандық елден көшуді ойлайтыны анықталған еді.
DEMOSCOPE бюросы Қазақстан азаматтарының көші-қонға қатысты ойын және білікті мамандардың елден кету себептеріне деген көзқарасын зерттеді. Сауалнама нәтижесі бойынша әр бесінші респондент (21%) елден көшу туралы ойланатынын айтты.
Олардың ішінде 6,9%-і алдағы 2-3 жылда көшуге ниетті. 5,6%-і көшуді жоспарлап отырғанымен, әзірге мүмкіндігі жоқ, ал 8,4%-і белгілі бір жағдай болса, көшу мүмкіндігін қарастырып отыр. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысушылардың 78,5%-і жақын арада елден кетуді жоспарламайтынын айтты.
Анализ көрсеткендей, көшуге деген ниет көбінесе респонденттердің жасына байланысты.
Көшіп кетуге ең көп ниет білдірген респонденттер – жастар мен орта жастағы адамдар арасында байқалды. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы жастардың шамамен 25% көшу туралы ойланса, 30 жастағылар арасында бұл көрсеткіш 30%-ке жақын. Одан кейінгі жас санатындағы әр оныншы адам нақты көшуге ниетті (10,7% – «алдағы 2-3 жылда көшуді жоспарлап отыр»).
Респонденттердің басым көпшілігі (83,7%) Қазақстанда туған, 9,3%-і елде 20 жылдан астам уақыт тұрып келеді. Ал 6,8%-і Қазақстанда 20 жылдан аз уақыт тұрады.
Елден кетуді жоспарлаған респонденттерден оларды көшіп кетуге итермелейтін нақты себептер туралы сұрақ қойылды.
Көпшілігі жоғары жалақы алуға (24,5%), өздері мен балалары үшін перспективаның жоқтығын (23,9%), сондай-ақ жақсы жұмыс табу ниетін (14%) атады. Бір қызығы, жастардың көбі сапалы білім алуға және өзін-өзі дамытуға жағдай жасауға ұмтылады, ал орта және үлкен жастағы топтар өздері мен балалары үшін мүмкіндіктердің жоқтығын жиі айтады.
Сондай-ақ, респонденттер көші-қонға қатысты төмендегі себептерді атады:
- Өзін-өзі дамытуға жақсы жағдай (13,2%)
- Сапалы білім (11,7%)
- Сапалы медициналық қызмет (4,9%)
- Кәсіби өсу мүмкіндігі (4,4%)
- Қолайлы экология мен климат (3,8%)
- Саяхаттау (3,3%)
- Өмір сүруге қауіпсіз жер (3%)
- Туыстарға жақын жерге көшу (2,6%)
- Ортасын кеңейту (1,3%)
- Бизнес дамыту (0,7%)
- Тарихи отанына оралу (0,6%).
Ресми деректерге сәйкес соңғы екі жылда Қазақстанда – елге келген адам саны кеткендерге қарағанда көп. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстанға 20 мыңнан астам адам көшіп келген, ал елден кеткендердің саны екі есе аз – 10,2 мың адам.
Алайда көші-қонның оң сальдосы тек сандық көрсеткіштерді ғана көрсетеді, сапалық көрсеткіштерді ескермейді. Көші-қон процестерін талдаудағы негізгі индикатор мигранттардың білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі.
Елден кеткендердің арасында сұранысқа ие техникалық мамандық иелері (1,2 мың адам), экономистер (589 адам), педагогтар (385 адам), сәулетшілер мен құрылысшылар (261 адам), сондай-ақ заңгерлер (170 адам) үлесі көп.
Ресми деректерге қарамастан, DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижесі бойынша, респонденттердің жартысына жуығы (45,9%) соңғы 2-3 жылда таныстары, достары немесе әріптестерінің шетелге біржола көшіп кеткенін айтты.