Қазақстанда халықты ауыз сумен қамту саясатын жүзеге асыратын біртұтас уәкілетті орган жоқ – Шуриев

Dalanews 17 апр. 2023 13:38 1054

ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сараптама мектебінің қоғамдық бағдарламасын өткізу барысында қатысушылар бірнеше салалық топтарға бөлініп, еліміз үшін маңызды тақырыптар төңірігінде ойларын ортаған салған болатын. Мәселен, «Экология» бағыты бойынша Тельман Шуриевтың «Экологияның кейбір аспектілері» атты баяндамасы біздің назарымызды аударды. Білікті маман өз баяндамасында Қазақстандағы ауыз су мәселесіне қатысты ойларын ашық айтты. Осы ретте Тельман Шуриевке көкейдегі сұрақтарымызды қойып, аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті.

 

– Телман мырза, бүгінде ауыз су мәселесі жалғыз Қазақстанның ғана емес, көптеген елдердің өзекті мәселесіне айналып отырғанын білеміз. Жалпы, бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Рас. Жыл өткен сайын әлем үшін  ауыз су өзекті мәселеге айналып келеді. Бүгінгі таңда әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізе алмауда. Солардың арасында 785 миллион адам жүйеленген ауыз суынан (құбыр, құдық,  қорғалған бұлақ) мүлде тыс қалған.

Қазақстан сапалы сумен қамтамасыз етудің қолжетімділігі бойынша 70-ші орында. Ал Еуразия құрлығында су тапшы елдердің көш басында келеді. Азия елдері арасында су тапшылығы бойынша 8-ші орындамыз.

Ел аумағының 2,8%-ында ғана ашық су қоры болса, үштен екі бөлігін құрғақ аймақтар құрайды. Яғни, еліміз «суға тәуелді» елдердің тобына жатады.


Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2030 жылға қарай Қазақстандағы су ресурстарының көлемі жылына 90-нан 76 текше метрге дейін, яғни 15%-ға азаяды. Сонымен қатар, БҰҰ-ның болжамы бойынша 20 жылда Қазақстанда су тұтыну 56 пайызға артады.

– Мамандар еліміз су қоры бойынша көршілес елдерге тәуелді екенімізді жиі айтады. Бұл қаншалықты рас, әңгіме?

– Еліміздің жер үсті суларының жартысына жуығы (44,9 км3) көршілес елдерден (Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан) келеді. Сонымен қатар, жыл сайын елімізде көктей өтетін трансшекаралық өзендерде су деңгейінің төмендеп келеді. Бұл біз үшін қауіпті құбылыс.

Елімізге су ресурстарының жетпеуіне өзендердің басында отырған көршілеріміздің суды шектен тыс реттеуі де (су қоймаларын салу, суды кеңінен пайдалану және т.б.) кесірін тигізіп отыр. Сонымен қатар өзен бассейндеріндегі суды тиімсіз пайдалануымызда жағдайды күрделендіріп отрығанын жасырмай айтуымыз керек.

Егер жағдай осылай жалғаса беретін болса,  Қазақстан болашақта сумен қамтамасыз етуде күрделі мәселелерге тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселені тездетіп шешуге күш салуымыз керек.

– Жер шарында климаттың өзгеруі де бұл іске кесірін тигізіп отыр емес пе?

– Дұрыс айтасыз, климаттың өзгеруі де ауыз су мәселесін ушықтыруышы фактордың біріне айналып отыр. Мамандардың пайымдауынша, 2030 жылға қарай республикадағы су ағыны климаттың өзгеруіне байланысты 14-тен 40%-ға дейін азаяы мүмкін.

Осы ретте су көздерін пайдалану ісін бір қалыпты реттей алмай отырғанымыз жанға батады.

Елімізде сумен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген аймақтар бар. Оған, Ертіс өзені бассейні маңындағы өңірлерді жатқызуға болады. Сонымен қатар су тапшы Маңғыстау облысы секілді аймақтардың да бар екенін естен шығармауымыз керек.

Жалпы ауыз су мәселесін қозғағанда су ресурстарын басқару үрдісіндегі  қарапайым қалдық суларды пайдалану мәселесін де айтуға тиіспіз.


Бұл ретте «GVP UN water» халықаралық суды басқару индексі бойынша Қазақстан көрсеткіші ең тиімсіз деп танылған. Ұлттық стратегиялық бастамалар орталығының сарапшылары осы фактор республиканың жыл сайын шамамен 200 миллион АҚШ долларын жоғалтуына ықпал етіп отырғанын есептеп шықты.

– Телман мырза, бұл саланы зерттеп, зерделеген маман ретінде айтыңызшы. Қазақстан қай сала бойынша су ресурстарын пайдалануда ысырапшылыдыққа ұрынып отыр? Оқырмандарымыз білсін.

– Бұл ретте бірден ауыл шаруашылығын атауға болады. Бұл салада суды тұтыну көрсеткіші 63%-ға жетеді, салыстырмалы түрде алып қарасақ, ауыз су мен шаруашылық-тұрмыстық салады суды тұтыну үлесі небәрі 4%-ды құрайды. Осы бір көрсеткіштен-ақ, ауыл шаруашылығы саласында қаншалықты ысырапшылыққа жол беріп отырғанын аңғаруға болады.

Сонымен қатар, суды егістіктерге және бау-бақшаларға тасымалдау кезінде оның көлемінің жартысы жоғалады. Егер біздер осы бағытта жаңа технологияларды пайдаланып, тиімді жұмыс істейтін болсақ, елімізде су тапшылығының алдын алуға болар еді.


Осы мәселелер мен міндеттерді шешу үшін ғылыми көзқарасты қолданудың маңызы зор. Шет елдердің тәжірибесіне негізделген жаңа технологияларды енгізіп, сыртқы контурдағы белсенді дипломатиялық қызметті көздейтін жүйелі шараларды қолға алатын кез келді деп есептеймін.

Талдау көрсеткендей, сумен жабдықтау саласында бұл саланы дамытудың кешенді саясат жоқ. Ал мемлекеттік деңгейде қабылданған бағдарламалар қолданыстағы сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіруге көбірек бағытталған.

– Сонда біздің жүзеге асырып жатқан бағдарламаларымыз заман талабына жауап бермей ме?

– Қыруар бюджет қаражаты бөлініп, мемлекеттік бағдарламалардың қабылданғанына қарамастан әлі күнге дейін еліміздегі көптеген ауылдар мен аудандар ауыз суға қол жеткізе алмауда.

Ауыз су саясатының тиімділігі көп жағдайда мемлекеттік басқарудың сапасына байланысты. Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы кемшіліктер көп жағдайда мемлекеттік органдардың шексіз қайта құрылуымен байланысты, соның салдарынан Су ресурстары комитетінің функциялары бір басқармадан екіншісіне ауыса беретіні жасырып қайтеміз.

Тағы бір мәселе, бүгінгі таңда Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саясатын жүзеге асыру мен қамтамасыз етуді үйлестіретін біртұтас уәкілетті органның жоқ. Бүгінгі күні бұл функциялар бір-бірімен толық әрекеттеспейтін екі министрлікке жүктелген.


Оның үстіне өңірлерде өкілетті органдардың (мәслихаттар) бюджет қаражатының атқарылуын бақылауы тым нашар.

Сонымен қатар, бүгінде мемлекеттік бағдарламаларды іске асуын бағалайтын  тәжірибесі жоқ. Анықталған заң бұзушылықтардың, кемшіліктердің нәтижелері бойынша тиісті талдау жұмыстары жүргізілмейді.

– Осы ретте су ресурстары саласын зерттеген білікті маман ретінде қандай ұсыныстар атар едіңіз?

– ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Аналитика мектебінің сарапшыларының көзқарасы бойынша мынадай ұсыныстар ұсына аламыз.

Бірінші, қалалар мен ауылдарды орталықтандырылған сумен жабдықтаудың қолжетімділігі мен ауыз су сапасы көрсеткіштерінің бірыңғай мониторингі жүйесін құру және бір тәуелсіз уәкілетті орган енгізу (мүдделер қақтығысын болдырмау үшін).

Екінші, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытудың жалпы түсінігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін заңнамалық база мен тұжырымдамалық аппаратты реттеу керек.

Үшінші, мемлекеттік басқарудың әрбір деңгейі үшін мақсаттарды, ниеттерді және тиімділік көрсеткіштерін әзірлеу үшін сыртқы және құзыретті мамандарды тарту және мемлекеттік секторда тиісті коммуникациялық дағдылардың болмауына байланысты қателіктер көп кетеді. Соны реттеу керек. Бұдан басқа су шаруашылығы мамандарын оқыту мен әлеуетін арттыруға басымдық беру керек деп есептейміз.


Жаңа су құбырлар мен жабдықтарға тиісті деңгейде инвестиция салу тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етіп қана қоймай, тозуды азайтады. Инвестицияның мақсатты және ашық жұмсалуын қамтамасыз ету үшін олардың жұмсалуын қадағалау және бақылауды күшейтудің маңызы зор.

Ластанған суды тұтыну және профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру барысында ауру туғызатын факторға да мұқият назар аудару қажет.

Ауыз судың эпидемиологиялық маңыздылығын, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметімен ауыз су сапасына тұрақты мемлекеттік бақылау жүргізудің мүмкін еместігін ескеріп, су құбырлары саласындағы уәкілетті органдардың су сапасына жедел бақылауын күшейтудің де маңызы зор.

Бұдан басқа инвентаризация, экологиялық мониторинг, топырақты залалсыздандыру, су ресурстары мен нысандарының маңында қалыптасқан полигондарды рекультивациялау сияқты шараларды деру қолға алу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөзі "Қала мен Дала" газеті 

Рекомендовать
Последние новости