Қыркүйек айында Қазақстанда 13 сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қыркүйек айында Қылмыстық кодекстің тиісті баптарына сәйкес 13 құқықбұзушылықты тіркеді”, – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, тіркелген істердің ішінде:
- қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану – 1 дерек;
- пара алу – 5 дерек;
- пара беру – 5 дерек;
- экономикалық контрабанда – 1 дерек;
- қару-жарақ пен жарылғыш заттардың заңсыз айналымы – 1 дерек.
Сондай-ақ соттарға мынадай баптар бойынша қылмыстық істер жіберілген:
- бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу – 3 іс;
- алаяқтық – 1 іс;
- пара алу – 3 іс;
- қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыру – 1 іс;
- құжаттар мен мемлекеттік наградаларды қолдан жасау және сату – 1 іс.
Еске салайық, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында полициядағы жемқорлық ісі бойынша үкім шықты. Петропавл қалалық соты бұрынғы майор Ерболат Қаптаевты бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп тапқан еді.
Ratel.kz мәліметінше, сот Қаптаевтың рецидивист Руслан Нагумановпен байланыста болғанын, одан сыйлықтар мен қызметтер алғанын анықтады: телефон, автокөлік жалдау, шоттарды төлеу. Алайда айыпталушы мұның бәрін тек жедел жұмыс аясындағы қатынас деп түсіндірген.
Судья қорғау тарапының бұл уәжін жоққа шығарды.
"Нагуманов телефонды сағат 14:00-де сатып алған, ал 14:27-де оны Қаптаевқа берген. Бұл жедел шараның бөлігі бола алмайды", – делінген үкімде.
Айыптау тарапынан куәгерлердің айғақтары, телефон әңгімелерінің стенограммалары, хат алмасулар және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдары дәлел ретінде ұсынылды. Прокурор бұрынғы полицейге 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.