Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда халық табысының өсімі экономиканың жалпы қарқынына ілесе алмай отырғанын айтты. Қазіргі уақытта жалақының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 31%-ды құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл Орталық Азия елдері үшін салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш болғанымен, Үкімет оны дамыған елдер деңгейіне 40% және одан жоғары деңгейге жеткізуді мақсат етіп отыр.
Премьер-министрдің айтуынша, кейінгі жылдары бизнес табысы жылдам өсіп жатқанымен, жалақы өсімі сол қарқынға сай емес. Әсіресе, компаниялар пайдасының бір бөлігі мемлекеттік қолдау арқылы қалыптасқанына қарамастан, еңбекақының өсуі баяу.
Үкімет 2026 жылы халықтың нақты табысын арттыруды басты басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. Осы мақсатта жалақыны көтеруге арналған қаржылық және салықтық ынталандыру шаралары енгізіледі, лайық жалақысы бар жаңа жұмыс орындары құрылады, азаматтардың кәсіби дағдылары мен біліктілігін арттыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар халықтың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған бастамалар іске асырылмақ.
