Қазақстанда ет 15–20 мың теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін - сарапшы

Көркем Алдабергенова 04 нояб. 2025 12:21

Ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшы Төлеутай Рахымбеков алдағы жылдары Қазақстанда еттің едәуір қымбаттайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жақын жылдары сиыр етінің бағасы бір килограмы үшін 15–20 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін, ал Қазақстанға тіпті Өзбекстаннан ет сатып алуға тура келуі ықтимал, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Болашақта біз ұлттық бешбармағымызға өзбек етін салатын боламыз. Бірақ ол кезде оның бағасы 15–20 мың теңге тұрады", – деді Рахымбеков Tenge Talks YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Бұрынғы болжамы расталған

Сарапшы 2019 жылы-ақ ет бағасы 5–6 мың теңгеге дейін өсетінін ескерткенін және сол болжамының дәл келгенін еске салды.

"Сол кезде мені сынағандар көп болды, бірақ айтқаным дәл келді. Мен жағдайды ішінен білемін, сондықтан осындай қорытынды жасаймын", – деді ол.

Негізгі себептер

Рахымбековтың айтуынша, қазіргі таңда елдегі малдың 80–90 пайызы ұсақ шаруашылықтарда, олардың өз техникасы жоқ, ал өнімнің өзіндік құнының негізгі бөлігі жем мен шөпке кетеді.

"Технология бар, бірақ біз оны ұмыттық. Ұсақ шаруашылықтарда тек жайылым шөбі ғана қалады. Қуаңшылық бола қалса – баға бірден көтеріледі", – деп түсіндірді сарапшы.

Мәжіліс депутатының пікірі

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасындағы алшақтыққа наразылығын білдірген болатын. Оның айтуынша, ауылдағы шаруалар етті 3000 теңгеден сатса, қалаларда оның бағасы 6000 теңгеге дейін жетеді.

Депутат барлық табысты делдалдар алып отырғанын, ал нағыз өндірушілердің нарық пен жәрмеңкелерге шығуға мүмкіндігі жоқ екенін атап өткен.


Рекомендовать
Последние новости