Қазақстан Ресейге қатысты ұстанымын айқындады

Dalanews 26 дек. 2022 05:14 714

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Ресейге қарсы санкцияларға қосылмайтынын мәлімдеді. Ол бұл туралы жапондық NHK телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Біз Ресейге қарсы санкцияларға қосылмаймыз. Бірақ республика экономикасын әртүрлі кәсіпорындардың шектеу шараларын айналып өтуі үшін де пайдаланбайды деген қағиданы ұстанамыз, – деді ол.

Бұл ретте Ресей мен Қазақстанды тығыз экономикалық қатынастар байланыстырады. Сондықтан Мұхтар Тілеуберді Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына да кері әсерін тигізбей қоймайтынын түсіндірді. Еліміздің Мәскеумен де, Киевпен де достық қарым-қатынаста екенін еске салды.

«Ресей мен Украина – Қазақстанның сонау тарихтан бері достары. Президент Тоқаев екі елдің көшбасшыларымен үнемі байланыста болып, олардың өзара бейбітшілікке келуіне шақырады», – деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Айта кетелік, бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров елімізге шетел инвестициясын тарту мәселесінде Ресейден санкцияларға байланысты кетіп жатқан халықаралық компанияларду тарту маңызды екенін айтқан.

"Бізге бұрын Қазақстанға қызықпаған, енді Ресейден кетіп жатқан шетел компаниялары қызықтырады. Елшілеріміз наурыз айынан бері барлық кеңселермен келіссөз жүргізіп жатыр, оларға жергілікті әріптес, алаң іздестіріп жатырмыз.

Ресейлік компанияларды тарту маңызды емес, бірақ оларды да бақылап отырмыз. Оларды үш рет тексереміз.


Оның құрылтайшысы немесе бас кеңсесі санкцияға іліккен болса, мұндай компаниялардың бізге көшуін шектейміз, өйткені олармен қаржы операцияларын жүргізуге, банктерде қызмет көрсетуге болмайды", - дейді СІМ өкілі.

Алмас Айдаров Қазақстандағы бір де бір компания тікелей немесе жанама санкцияға ілікпегенін айтты.

Министрдің орынбасарының мәлімдеуінше, Ресей нарығынан кететінін ашық мәлімдеген 362 шетел компаниясының 62-і Қазақстанға көшуге дайын екенін айтқан, бірақ 21 компания ғана келген. Олардың арасында Honeywell International (АҚШ), Indriver, Fortescue Metals Group (Австралия), Alstom (Франция) бар.

Рекомендовать
Последние новости