Қазақстан мұнайын Ресей арқылы тасымалдауға рұқсат берілді — Ұлыбритания мәлімдемесі

Қаракөз Амантай 20 мар. 2026 09:37

Ұлыбритания Қазақстан мұнайын Ресей арқылы тасымалдауға қатысты арнайы шешім қабылдады. Лондон "Транснефть" компаниясының қатысуымен жүргізілетін операцияларға лицензия берді. Бірақ бұл мүмкіндік Қазақстанда өндірілген мұнайға ғана қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.Aqsha мәліметінше, аталған шешімді сарапшылар "санкциялық терезе" деп бағалап отыр. Яғни Ресей компанияларына қарсы шектеулер күшінде қалса да, Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы транзитпен өткізуге ресми түрде жол ашылды.

Лицензия талаптарына сәйкес, Қазақстан мұнайын жеткізуге, тасымалдауға және сатып алуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар төлемдерді британдық банктер арқылы жүргізуге болады. Алайда маңызды шарт бар. Мұнай ресейлік тұлғаларға тиесілі болмауы тиіс. Соған қарамастан, оның тасымал бағыты Ресей аумағы арқылы өтуіне кедергі жоқ.

Бұл лицензия 2026 жылғы 19 наурыздан бастап 2028 жылғы 18 наурызға дейін жарамды болады.

Аталған шешім Қазақстан үшін өте маңызды. Себебі ел мұнайының басым бөлігі дәл осы ресейлік маршруттар арқылы экспортталады.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove