Қазақстан мен Орталық Азияда теріс ағымның тамырын жайғызбаудың жолы қандай?

Dalanews 17 мая 2023 07:13 1129

Терроризм мен экстремизм тақырыбы біздің елімізде ақпарат алаңы мен қоғамның назарынан тыс қалғанымен, бұл қауіпті мәселе әлі жойыла қойған жоқ. Ақпан айында ғана Бас прокуратура Ақтөбе облысының тұрғыны Telegram желісінде көпшілікті қарулы жиһадқа шақырғанын хабарлады. Ол терроризмді насихаттағаны үшін 6 жылға сотталып кетті. Сондай-ақ 2022 жылдың соңында Youtube желісінде тараған халықаралық террористік ұйымға қатысы бар жалған уағызшының сілтемесі бұғатталғаны бар. Бас прокуратура интернетте радикалды идеялардың таралуынан туындайтын үлкен қауіп барын үнемі ескертіп келеді. Кибербақылау жобасы іске қосылған 2017 жылдан бері діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 900 мыңнан астам сілтемеге тосқауыл қойылған екен.

Қазіргі таңда терроризм мен экстремизм тақырыбы еліміздегі ақпарат алаңы мен қоғам назарынан тыс қалған сияқты көрінеді. Бірақ бұл мәселе жойылды деуге әлі ерте,  қауіп-қатер әлі де бар, бірақ қазір ол біршама азайды деген дерек қаншалықты рас? Ғаламтор кеңістігінде радикалды идеялардың таралуы бүгінгі күні елеулі қауіптердің қатарына жата ма?

Қазақстандық саясаттанушы Ислам Кураевтің пайымынша, терроризм мен экстремизм тақырыбы бүкіл әлемде қай кезде де өзекті екенін түсінген жөн. Біз тек көпшіліктің назарын аударуға бағытталған, БАҚ-тың парағына ілінген әрекеттерді ғана көріп жүрген болуымыз әбден мүмкін.

– Бірақ мұндай оқиғалардың өзі бүкіл әлем қауымдастығы үшін өзекті бола бастады. Ал Сирия мен Иракта ДАИШ-тің қатысуымен (Қазақстанда және бірқатар басқа мемлекеттерде тыйым салынған) орын алған оқиғалар белсенді түрде көбейген шақта, бұл негізгі ақпараттық күн тәртібінен түспек емес. Әлемдік БАҚ көбіне діндарлар мен лаңкестердің арасында теңдік белгісін қозғап жатады. Алайда, осы уақытқа дейін бұл тақырыптағы негізгі идеология адамдардың басында қалды. Лаңкестік ұяшықтар немесе қауіп-қатер - сол немесе басқа дінді ұстанатын адамдармен байланысты деген тенденция бар. Қауіптер мен сын-қатерлерге мұндай призма арқылы қарау өте қате болар еді, – дейді саясаттанушы.


Құқық қорғау органдары радикалдармен күресу тұрғысынан алғанда, азды-көпті жұмыс істеп жатыр, бірақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарында айтарлықтай проблемалары бар.

– Бүкіл Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тыныштығын сөз еткенде, ауған факторын ескеру керек. Егер біз оны сүзгіден өткізетін болсақ, онда Қазақстан ең қауіпсіз аймақтар санатына жатады. Өйткені, біз Ауғанстанмен байланыс нүктелері бар, қандай да бір террористік және экстремистік ағымдардың ықпалына көбірек ұшыраған мемлекеттермен шектеспейміз. Мен Қырғызстан мен Түркіменстанды, осы жағынан алғанда, ең қауіпті елдер деп атар едім. Лаңкестермен күресуге дайын елдер – Өзбекстан мен Тәжікстан. Қазақстан, әдетте, бейтарап сипаттағы ұстанымда қалады, - дейді Ислам Кураев.

Сондай-ақ, қазір ең үлкен қауіп адамдарды жұмысқа тартумен айналысатын үгітшілер екенін түсіну керек. Бірақ мәселе онлайн-уағызшылардың өзінде емес, интернет кеңістігінде бұған қарсы жұмыстың жоқтығында. Әдетте, радикалдар дінді идеологиялық тұғырнама ретінде пайдаланады, бұл салада мемлекеттік саясат енді ғана қиындықтарды сезе бастады.

Мамандардың сөзіне қарағанда, біздің елімізде діни бағыттағы түсіндіру шаралары жеткіліксіз, көпшілігі оны басқа өлшем мен кеңістіктен – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерден іздеуге мәжбүр. Ал ол аймақтарда оларды сыртқы күштер тартып алады. Бұл - бізде қажетті базаның жоқтығынан туатын қауіп.

Мемлекетке жасалған кез келген шабуыл қазірдің өзінде шығынға алып барады. Бірақ оны әскери қақтығыстар аясында қарастыратын болсақ, онда, әрине, мемлекет ұтылмайды. Ол халықаралық және ішкі қолдауға ие. Тағы да түсінуіміз керек дүние - бізде елде ешқандай идеологиялық база жоқ, Орталық Азияның басқа елдеріндегідей бір тақырыптық бағытта топтастырылған мамандар да аз. Біз әлі де қоғамдық келісім тұрғысынан екі пікірдеміз. Ал терроризмге қарсы күресті дамыту мәселесінде қоғамды байланыс нүктелеріне ынталандырудың маңызы зор. Бізде әзірге олай емес. Бақытымызға орай, әлде өкінішке қарай, Кеңес өкіметі бұрынғы одақтас республикалардағы халықтың бытыраңқы болуын қамтамасыз етуге тырысты.

– Әрине, 2020 жылғы ковид терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын күн тәртібінен ысырып тастады, – дейді өз кезегінде қырғыз саясаттанушысы, Орталық Азия бойынша маман және «Ой Ордо» сараптамалық бастамалар орталығының директоры Игорь Шестаков.

– Бұл саладағы мамандардың ирониялық пікірлер айтуы кездейсоқтық емес, олардың айтуынша, ковид пайда болған кезде терроризм жойылды. Әрине, аймақтық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлер мен сын-қатерлер кеміген жоқ. Бұл туралы нақты айту қиын, бірақ БАҚ-тағы әртүрлі ақпаратқа және зерттеу топтарының болжамдарына сәйкес, Орталық Азия аумағындағы белсенді содырлардың саны 30 мыңнан асуы мүмкін. Бұл деректер шартты түрде алынған, өйткені біздің аймақтағы жағдайды тұрақсыздандыруға дайын адамдардың нақты санын ешкім білмейді. Сонымен қатар, топтардың Ауғанстанда, Сирияда және Иракта базалары бар, жүктелген міндеттеріне байланысты олар үнемі қоныс аударып отырады. Тағы да айта кетейік, біздің аймақтың күштік құрылымдарының бағалауынша, Орталық Азияның 5000-ға жуық тумасы Сирияда ДАИШ және басқа да террористік ұйымдардың құрамында соғысып жүруі мүмкін. Оның үстіне, Сирия мен Ауғанстан – лаңкестер мен экстремистерді тұрақты түрде дайындалатын полигондар.


Сарапшылардың сөзіне қарағанда, лаңкестердің міндеттері мен мақсаттары ешқайда кеткен жоқ. Радикалдар Орталық Азияда, ең алдымен біздің аймақтың барлық елдеріндегі зайырлы басқару режимдерін жоятын өзінше халифат құруды қалайды.

Интернет кеңістігіне келетін болсақ, ДАИШ-те тек содырлар ғана емес, сонымен қатар IT-технологияны меңгерген айтарлықтай озық мамандар да бар. Өйткені, ДАИШ-тің қызметі атышулы лаңкестік әрекеттерді жасаумен ғана емес, дәлірек айтсақ, әлемдік маңызы бар ұйымның имиджін қалыптастыру жұмыстарымен де белсенді танылды. Олар әлеуметтік желілерді кеңінен пайдаланды. Ал сол Сирияға Орталық Азия елдерінен адам жалдау сол Фейсбук, Twitter және Instagramсияқты жастар белсенді қолданатын платформалар арқылы жүзеге асырылды. Сонымен қатар, жұмысқа қабылдау кәсіби деңгейде қолға алынды.

– Өкінішке қарай, бұған қарсы тұруға мемлекеттік органдардың шамасы бола бермейді. Иә, олардың мекенжайларды қадағалау қиын емес, бірақ идеологиялық жұмыс бәрібір қарсы әрекет етуі керек. Ең идеалды нұсқа: профилактикалық жұмыс сарапшылар қауымдастығын, БАҚ өкілдерін пайдалана отырып, идеологиялық деңгейде жүргізілуі тиіс. Бірақ ол үшін мемлекеттің нақты бағдарламасы, тиісті құралдары болуы шарт, – деп түсіндірді Игорь Шестаков.

Демек, алдын алу тұрғысынан жағдай көп нәрсені шешпейді. Күштік құрылымдарын үйлестіру мәселесіне келетін болсақ, екіжақты келісімдер, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД аясындағы өзара іс-қимылдар бар. Алайда, әзірге, сарапшылар атап өткендей, мәселе іс жүзінде болып жатқан үйлестірудің жоқтығында емес, аймақ елдерінің осы сын-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін материалдық-техникалық құралдарының жоқтығында. Көбінесе содырлар техникалық жағынан құқық қорғау органдарына қарағанда әлдеқайда жақсы жарақталған. Әрине, бұл жағдайды өзгерту керек.

– Біздің бірде-бір мемлекет терроризмнен қарсы шаралармен қорғалмаған. Мұны біз бүкіл әлемнен көріп отырмыз. Шабуылдар мемлекеттік басқару жағынан айтарлықтай күшті мемлекеттерде – Германияда, Францияда, АҚШ-та болды. Тағы бір айта кететін жайт, Ауғанстанмен тікелей шекаралас мемлекеттер – Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан қауіп-қатер мен сынақтардың «алдыңғы қатарында» тұр. Бірақ, менің ойымша, жалпы алғанда, аймақта мұндай қауіпсіздік жоқ, – дейді сарапшы.


Жалпы, радикалды діни бағыттағы деструктивті күштерге мониторинг жүргізілуде. Ал жол беруге болмайтын дүние – Ауғанстан мен Ливиядағы оқиғалардың қайталануы. Сондықтан Орталық Азия елдері зайырлы режимдерді сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салуы керек және қазіргі кездегі қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұруға күш салғаны абзал.

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбаировтың айтуынша, деструктивті күштерге төтеп берудің бірден-бір жолы - жастардың рухани тәрбиесін ойлаған жөн. Бұл - өте маңызды мәселе, оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Әйтпесе, ұлттық салт-дәстүрлерімізден айырылып қалуымыз мүмкін.

– Содан соң дәстүрлі исламды дәріптеуді халқымыздың дүниетанымына сай жасап, ғылыми-теориялық негіздерін дамыту керек. Көршілеріміз бұл процесті белсенді түрде бастады. Мысалы, Өзбекстан сыртқы геомәдени ықпалдан қорғану үшін өзінің көптеген ұлттық, исламдық білім беру орталықтары мен мекемелерін құрды. Мысалы, Самарқандта Имам Бұхари атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы мен мухадистерді дайындайтын оқу орны, Марғиланда муфакихтерді (фикх мамандарын) дайындайтын оқу орталығы бар, – деді сарапшы.

Расында, бүгінгі таңда геомәдени бірегейлік пен рухани егемендікті қалыптастыру үшін, айталық, қандай да бір саяси амбициялар мен талаптардан ада Орталық Азия теология мектебінің дәстүрлері мен ілімдерінсіз іс жүзінде алға басу мүмкін емес. Оның қоғамды үйлестіру, сенімін тереңдету және зайырлы мемлекет, қазіргі қоғам, ұлттық мәдениеттер мен діни сана арасындағы ынтымақтастықты дамытуда терең әлеуеті бар.


– Әлемдегі қазіргі геосаяси оқиғалар мен қақтығыстар табиғи түрде жаңа құндылық - идеологиялық бағдарларды қалыптастыратын геомәдени және саяси институттар құрылымының бұзылуына әкеледі. Осыған байланысты болашақ мәдени-саяси тәртіптің жаңа тұжырымдамалары, парадигмалары мен ережелері жасалады деп күтілуде. Жоғарыда айтқанымдай, қазір көптеген елдер өздерінің геомәдени бірегейлігі мен рухани егемендігіне алаңдайды. Осыған байланысты, Орталық Азия теология мектебінің дәстүрлері мен ілімдері, әсіресе, «мүдделері бойынша» әртүрлі сегменттерге бөлінген Қазақстанның діни өрісінің мозаикалық сипатын жеңуде маңызды рөл атқарады, – деді Асылбек Ізбаиров.

Рекомендовать
Последние новости