Талғар аудандық сотында Хасан Қасымбаев пен өзге де күдіктілердің ісі бойынша сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақпарат" мәліметінше, бұл іс бойынша айыпталушы алты адам. Оларға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айып тағылған:
- адам ұрлау;
- қасақана ауыр зиян келтіру;
- қорқытып ақша алу.
Сот отырысында прокурор Ерлан Құланбаев айыптау актісінің бір эпизодын оқыды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2016 жылғы 16 тамызда Қасымбаев өзінің таныстары – Сыдықжанов пен Мұқашевпен бірігіп, қорқытып ақша алу мақсатында сөз байласқан.
Олар жәбірленуші ретінде Сыдықжановтың танысы Тәжіевті таңдаған. Ол Алматы облысында жер телімдерін сатумен айналысқан. Тергеу деректеріне қарағанда, Тәжіевтің құрылыс бригадасы, жеке дәріханасы, сондай-ақ Lexus 470 және Toyota Highlander маркалы көліктері болған.
Айыпталушылар күш қолдану арқылы оны қорқытып, ақша алуға болады деп шешкен.